Қайғылы оқиға 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданында болды. 55 жастағы Toyota Camry жүргізушісі үй қақпасының жанында, жолдан небәрі 10 метр жерде тұрған балаларды қағып кеткен. Екі бала оқиға орнында қаза тапты, тағы біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үш бала түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жол апатынан кейін екі бала — тоғыз жастағы қыз және алты жастағы ұл, туған әпке мен іні — елордадағы №2 көпсалалы балалар ауруханасына емделуге жеткізілді.
Үшінші зардап шеккен қыз Үржар аудандық ауруханасында қалдырылған еді. Тек 23 тамызда ғана оның жағдайы ұшуға тұрақты деп танылып, санитарлық авиация арқылы Семей медицина университетінің госпиталіне жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала бір айдан астам уақыт комада болған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, алайда алған жарақаттары тым ауыр еді. Қыз есін жимастан көз жұмды.
Қалған екі бала аман. Ұзақ емделуден кейін олар Астанадан үйлеріне оралып, қазір оңалту курсынан өтуде.
Жол апатына қатысты тергеу жүргізілуде. Жүргізуші қамауға алынды. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын растады.