Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеухан жергілікті тұрғындармен жанжалдасып қалды. Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кадрлардан ауыл тұрғындарының әкімнің қабылдауына келіп, оның жұмысына қатысты сұрақтар қойғаны көрінеді. Сол сәтте екі тарап арасында сөзге келу басталып, шенеунік өзін ұстай алмай, былапыт сөздер айтады.
Бейнежазбада полиция қызметкері де бар. Әйел адам оған неге болып жатқан жағдайға әрекет етпей отырғанын сұрайды, бірақ жауап ала алмайды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл оқиға бойынша Қуаныш Төлеуханнан ресми түсініктеме талап етілгенін хабарлады. Материалдар мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жіберілді — онда қызметтік әдеп нормаларының бұзылуы қаралады.
Қуаныш Төлеухан ауыл әкімі қызметіне биыл 24 шілдеде тағайындалған, яғни әкім болғанына үш айда толмаған.