Logo
Іздеу
Айдарлар

Қожамжаровтың қарамағындағылар Қорғас ісі бойынша айыпталғандарға азап көрсеткені үшін сотталды

/
Қожамжаровтың қарамағындағылар  Қорғас ісі бойынша айыпталғандарға азап көрсеткені үшін сотталды
Сурет: pexels


Бұрынғы қаржы полициясы қызметкерлері — Кенжебай Жұмабеков пен Дәурен Есімбековке қатысты сот процесі маусым айында басталған, алайда судьяның шешімімен ол жабық түрде өткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жұмабеков пен Есімбеков «Қорғас ісі №1» бойынша айыпталушы — Руслан Сыдықов, Нұрлан Сарымбетов және Нұрбек Мұратбековке азап көрсету фактісі бойынша айыпталған, деп жазды Orda.kz.

Бұрынғы кеден брокерлеріне жасалған азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс 2023 жылы қозғалды. Осыдан кейін Жұмабеков қамауға алынып, Есімбеков ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.

Сот шешімімен екі айыпталушы да кінәлі деп танылды. Кенжебай Жұмабеков алты жылға бас бостандығынан айырылды, ал Дәурен Есімбеков төрт жылға сотталды. Жұмабековтің тергеу абақтысында өткізген уақыты жазаның жалпы мерзіміне есептелді.

Екеуінен де арнайы шендері алынды, ал Жұмабеков мемлекеттік наградасынан да айырылды. Сонымен қатар, сотталғандар әр жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қыркүйек айының басында бұрынғы қаржы полициясы басшысы және экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың өзі де тергеуге алынғаны белгілі болды. Оған қызметтік өкілетін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру баптары бойынша айып тағылған.