Қарағандыда жеті баланың анасы тұтынушыларға ірі көлемдегі ақшаға тауар жеткізбегені үшін айыпталып отыр. Әйел интернет арқылы Қытай, Түркия және Ресейден тауарлар сатқан. Тауарлардың қатарында тұрмыстық ұсақ бұйымдар, ірі техника, жиһаз, квадроциклдер және тіпті автокөліктер де болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол дүкенін блогерлер мен жарнамалық акциялар арқылы көпшілікке танытқан. Сатып алушылардың айтуынша, бастапқыда тауарлар уақытында жеткізіліп тұрған, бірақ ірі көлемдегі тапсырыстар көбейген кезде сатушы тек уәде берумен шектелген.
«2023 жылдың қарашасынан бастап мен 1,5 миллион теңге аудардым. Әуелде бәрі адал жүрді — колонкалар, құралдар келіп тұрды. Ол сенімге кірді. Ал техника мен жиһазға тапсырыс бергеннен кейін тек “күтіңіз, күтіңіз” деген жауап алдым. Әділдік орнасын деймін. Ол ақшаны қайтара ма, жоқ па — оны сот шешсін», — деді сотта жәбірленуші Хурмат Ходжаев.
Бүгінде мұндай әділетсіз саудадан зардап шеккендердің саны 447 адамға жеткен. Олардың арасында Қазақстанның түрлі өңірлерінен келгендер бар, ал кейбірі сот отырысына онлайн қатыспақ.
Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыпталған әйел көптеген жәбірленушіні алғаш рет көріп тұрғанын және олардан ақша алмағанын айтып отыр. Сотта оны жұбайы — қоғамдық қорғаушы ретінде және адвокат Евгений Тен қорғайды.
«Менің ойымша, тергеу оның қасақана әрекет жасағанын дәлелдей алмады. Менің қорғауымдағы адамның қоймасы болды, жеткізу жолдары қалыптасқан жолмен жұмыс істеп тұрған. Оның тоғыз мыңнан астам сәтті орындалған тапсырысы бар. Сонда ол не үшін 400 адамды алдауы керек? Мақсат қандай? Бұған дейін бәрі дұрыс болған, Қытай, Ресей және Түркиядан жеткізілімдер тұрақты жүрді, адамдар риза еді», — деді адвокат.