Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Көкшетауда әрекет еткен «S-Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшыларына қатысты тергеуді аяқтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар «S-Pharmaceutical» және өзге жобаларға инвестиция тарту сылтауымен азаматтарды алдап, медициналық каннабис өндірісі мен дистрибуциясына ақша салуға үгіттеген. Әрбір жаңа қатысушыны тартқан адамға салым сомасының 5%-ы мөлшерінде табыс уәде етілген.
«Пирамидаға қатысу үшін сайтта тіркеліп, кемінде 100 АҚШ долларынан салым жасау қажет болған. Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі бұған дейін атышулы «Life Is Good» және «Finiko» қаржы пирамидаларына қатысқан. Ол сол тәжірибесін пайдаланып, ұқсас схема арқылы жаңа жоба құрған. Жалпы алғанда, қаржы пирамидасына 59 азамат тартылып, олар 136 миллион теңгеден астам қаражат салған. Күдіктілер жиналған ақшаның бір бөлігін елордадан екі пәтер мен автотұрақ орнын сатып алуға жұмсаған. Бұл мүлікке соттың санкциясымен тыйым салынды», - делінген хабарламада.
Үш ұйымдастырушыға қатысты қозғалысын шектеу және тәртіп сақтау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жариялауға жатпайды.