Logo
Іздеу
Айдарлар

Әскердегі әлімжеттік пен суицид: депутаттар Қорғаныс министрлігінің әрекетсіздігіне таңғалды

/
Әскердегі әлімжеттік пен суицид: депутаттар Қорғаныс министрлігінің әрекетсіздігіне таңғалды
Сурет: Қорғаныс министрлігі

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева ІІМ-нің брифингінде әскердегі әлімжеттік пен сарбаздардың өліміне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Arasha.kz.

– Мен – қазіргі кезде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың анасымын. Мені және басқа аналарды әскердегі қатыгездік оқиғалары, сондай-ақ сарбаздардың өлімі мен суицид жағдайлары қатты алаңдатады. Мұндай оқиғаларды жеке жағдай ретінде қарастыруға болмайды. Бұл жағдай қоғамның қарулы күштерге ғана емес, жалпы мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді. Бейбіт уақытта сарбаздардың өлімін біржола тоқтатуға нақты шаралар қашан қабылданады? – деді депутат.

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев ведомство әрекетсіз емес екенін айтты.

– Біз ұйымдастырушылық-әдістемелік құжаттар әзірлеп жатырмыз, әскери психологтар біліктілікті арттыру курстарынан өтуде, психикалық денсаулық орталықтарының мүмкіндіктерін пайдаланып отырмыз. Бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына тәулік бойы көмек көрсететін жасанды интеллект негізіндегі Telegram-бот іске қосылды, – деді ол.

Оның айтуынша, әскерге қабылдау кезінде жаңа психодиагностикалық әдістемелерді енгізу үшін жұмыс тобы құрылған. Психология мамандығының студенттері әскери бөлімдерде тәжірибеден өте бастаған.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бұл мәселені тек психологиялық көмек арқылы шешу мүмкін еместігін айтты. Оның пікірінше, жұмыс тікелей әскери бөлімдердің өзінде жүргізілуі тиіс.

Редакция армиядағы әлімжеттік пен сарбаздардың өлімі туралы материалдарды тұрақты түрде жариялап келеді. Мұндай жағдайлар аз емес. Оларды осы жарияланым тізбегінен көруге болады.