Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматы әкімдігінде көп балалы ана өзін өртемек болды

/
Алматы әкімдігінде көп балалы ана өзін өртемек болды
Сурет: видеодан скрин

Алматы әкімдігі ғимаратындағы азаматтарды қабылдау бөлімінде 39 жастағы әйел үстіне бензин құйып, өзін өртемек болған. Оның жанында кішкентай баласы болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бүгін редакцияға белгісіз әйелдің әкімдік ғимаратында өзін өлтірмек екені туралы хабар түсті. Журналистер жеткен сәтте ғимараттың алдында жедел жәрдем мен бірнеше полиция көлігі тұрды. Кіреберісте келушілерден сіріңке мен оттықтарды тапсыруды сұраған. Іште бензин иісі қатты сезілген, деп жазды Orda.kz.

Бір сағаттан кейін ғимараттан полиция қоршаумен әйелді алып шықты. Ол өзін Жанар Қалжанова деп таныстырды. Әйелдің айтуынша, 2021 жылы оны жаяу жүргіншілер жолағында көлік қағып кеткен. Сол апат кезінде ол жүктіліктің 12-аптасында баласынан айырылған және төрт операция жасаған. Асқынулар салдарынан оған жатырын алып тастауға тура келген.

«Көлікті беделді адамның қызы жүргізіп келе жатқан. Түрксіб аудандық соты мені жәбірленуші деп танып, өтемақы төлеуді міндеттеді. Бірақ жауапкерлер апелляция беріп, бірінші соттың шешімін жойып тастады», — деді ол.

Кассациялық шағым да нәтиже бермеген. Осыдан кейін ол бірнеше рет әкімдікке барып, көмек сұраған. Маусым айында оны әкім Дархан Сатыбалды жеке қабылдаған.

«Ол маған Бас прокуратураға жүгіну керек деді. Денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмаймын, төрт балам бар. Бүгін өзімді бензинмен құйып жібердім, өйткені басқа жол көрмей тұрмын. Қазір мені суицидке талпынғаным үшін психиатриялық орталыққа әкетіп барады», — деді Қалжанова.

Оқиғадан кейін әкімдік өкілдері әйелдің неге өтемақы ала алмағанын түсіндірді. Олардың айтуынша, Қалжанова апелляциялық сот отырысына қатыспаған, сондықтан шешім оның қатысуынсыз шығарылған. Ал шешімді қайта қарау мерзімі өтіп кеткен.

Әкімдік мәліметінше, мамыр айынан бері әйелге әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. Алғашында ол ай сайын шамамен 140 мың теңге алып отырған, кейін жәрдемақы мөлшері 154 мың теңгеге дейін өскен. Бұдан бөлек, көп балалы анаға мемлекет тарапынан 20 АЕК көлемінде біржолғы көмек берілген. Демеушілердің көмегімен пәтерақысы, коммуналдық төлемдері және ұлының колледждегі оқу ақысы төленген. Отбасыға азық-түлік және мектепке қажетті құрал-жабдықтар да берілген.

«Әйел мен оның ұлына жұмыс ұсынылған, бірақ олар келіспеген. 2023 жылғы 15 мамырдан бастап Қалжанова көп балалы ана ретінде тұрғын үй алу кезегінде тұр», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қалжанованың қатысуынсыз қалалық соттың не себепті шешім шығарғаны әзірге белгісіз. Бұл мәселе бойынша редакция прокуратураға ресми сауал жолдады.