ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа 125-1-бап («Неке қиюға мәжбүрлеу») бойынша алғашқы екі қылмыстық іс тіркелді. Екі жағдайда да жәбірленушілер – кәмелетке толмағандар. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында осы заңмен неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді (ҚК-нің 125-1-бабы). Неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент қаласында және Қызылорда облысында тіркелді. Екі жағдайда да жәбірленушілер кәмелетке толмағандар», – делінген хабарламада.
Заңға сәйкес, егер әйелді ұрып-соғамын, күш қолданамын немесе мүлкін жоямын деп қорқытып, неке қиюға мәжбүрлеген жағдайда, кінәлі адамға 2 000 АЕК-ке дейінгі (шамамен 7,86 млн теңге) айыппұл салынады немесе дәл сондай мөлшерде түзету жұмыстарына тартылады, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ал егер мұндай әрекет абайсызда ауыр салдарға әкелсе, жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылады.
«Аталған фактілер бойынша тергеу жалғасып жатыр және прокуратура органдарының бақылауында», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Еске салайық, осыған дейін Қазақстанда сталкинг (қудалау) туралы бап күшіне енгеннен кейін екі айдан аз уақыт ішінде де екі қылмыстық іс қозғалған болатын.