Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында Назарбаев Университетіне қатысты қуанышты жаңалық жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аймағамбетовтің айтуынша, Назарбаев Университеті (NU) беделді Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингісінде бірден 100 орынға жоғарылап, әлемнің үздік 401–500 университеті қатарына енген.
"Бұл – жылдар бойғы қажырлы еңбек пен ұжымдық табыстың нәтижесі. Барша оқытушылар мен зерттеушілерді, студенттер мен түлектерді осы тарихи жетістікпен шын жүректен құттықтаймын!" – деп жазды депутат.
Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, THE рейтингі — әлемдегі ең беделді және сараптамалық университеттік рейтингтердің бірі. Ал Назарбаев Университеті бүгінде еліміздегі классикалық әрі қуатты зерттеу университеті ретінде халықаралық талаптарға толық сай келеді.
"Назарбаев Университеті – еліміздегі нағыз классикалық әрі ең қуатты зерттеу университеті. Академиялық еркіндігімен, ғылыми әлеуетімен, кадрлық құрамымен ол халықаралық стандарттарға толық сай келетін бірегей оқу орны", – деді ол.
Сонымен бірге депутат университеттің қаржыландыру деңгейіне алаңдаушылық білдірді.
"Алайда университеттің қаржыландырылуы жеткіліксіз. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Себебі мұндай университеттер – шығын емес, ел болашағына салынған инвестиция", – деп атап өтті Аймағамбетов.