Logo
Іздеу
Айдарлар

Қырғызстанда отбасындағы агрессорға электронды білезік тағылады

/
Қырғызстанда отбасындағы агрессорға электронды білезік тағылады
Сурет: pexels

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске» және «Отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау және оны болдырмау туралы» заңға түзетулерге қол қойды. Құжаттың мақсаты – отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті күшейту және құқық бұзушыларды электронды бақылау жүйесін енгізу, деп хабарлайды Arasha.kz.

Енді сот үш айға дейінгі мерзімге электронды бақылаумен бірге белгілі бір тыйымдар мен шектеулер енгізе алады. Олардың қатарына мыналар кіреді:

- жәбірленушімен байланысқа тыйым салу;

- қудалауға тыйым салу;

- қару сақтауға және қолдануға тыйым салу (бар болса, уақытша алынады);

- белгілі бір аумақта болуға шектеу қою;

- жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаралар.

Мұндай шешімдердің орындалуын ішкі істер органдары электронды және техникалық бақылау құралдары арқылы қадағалайды.

Бұған қоса, заңнамаға алғаш рет «қудалау» ұғымы енгізілді — бұл басқа адамның еркіне қарсы жасалатын әдейі әрекеттер (қоңырау шалу, аңду, жұмыс орнына немесе үйіне бару), ол адамның өз қауіпсіздігі үшін қорқыныш сезімін тудырады.

Электронды бақылау талаптарын бұзған немесе түзету бағдарламасынан жалтарған адамдар 40 сағат қоғамдық жұмысқа немесе 7–14 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Сонымен қатар ішкі істер органдары әрбір отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында қауіп деңгейін бағалап, уақытша қорғау бұйрығының талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін электронды бақылау құралдарын қолдануға міндетті.

Заң он күннен кейін күшіне енеді.