Бүгін қазақ күресінің ең айтулы бәсекелерінің бірі — «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Биылғы дода жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырып, еліміздің ең мықты балуандары белдесті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тарихи сәт! Биылғы жылы 106 келі салмақта күрескен, «Найман» лақап атымен танылған Марат Байқамуров «Қазақстан Барысы – 2025» турнирінің жеңімпазы атанды. Ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ел намысын абыроймен қорғады. Байқамуров «Әскер барысы» аталымының иегері ретінде өзінің шеберлігі мен төзімділігін тағы бір дәлелдеді.
Күміс жүлдені 151 келі салмақтағы алып балуан, «Қабанбай» лақап атымен танылған Ерасыл Қажыбаев иеленді. Ол – былтырғы «Қазақстан Барысы – 2024» турнирінің чемпионы, биылғы жарыста да жоғары дайындық пен қажыр-қайратын көрсетті.
Ал қола жүлде Маңғыстау облысының намысын қорғаған Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырды. «Қара бура» лақап атымен танылған балуан өз айласы мен күшін ұтымды пайдаланып, үздік үштікке енді.
Биылғы турнир қазақ күресінің беделі мен ұлттық рухын тағы бір асқақтатты. «Қазақстан Барысы – 2025» додасы өз мәресіне жеткенімен, жанкүйерлер жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.