Қазақ пен қырғыз бауырлас халықтарының арасындағы ынтымақтастық тағы бір маңызды деңгейге көтерілді. Қазақстандық Qalan компаниясы мен Қырғызстанның ең ірі қаржы және технологиялық экожүйесі – mBank арасында стратегиялық келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Qalan.kz – оқушыларға арналған инновациялық онлайн-білім беру платформасы. Қызмет түрлері барлық құрылғыларда – телефон, компьютер және планшет арқылы қолжетімді. Платформада ата-аналарға арналған арнайы қосымша бар: ол арқылы ата-аналар баласының оқу барысын, үй тапсырмасын орындау деңгейін және жетістіктерін бақылай алады.
Осы орайда Qalan компаниясы мен Қырғызстанның №1 техногиганты mBank арасындағы келіссөздер сәтті аяқталып, екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығы жаңа бағыт алды. Бұл туралы Qalan компаниясының негізін салушылардың бірі Садық Шерімбек Facebook желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
mBank басшысы Өмүрбек Бабанов кездесуде қазақ делегациясын жылы қабылдап, екі елдің достығы мен болашағы туралы пікір алмасты. Ол mBank жобасының мақсаты тек қаржылық қызметпен шектелмейтінін, балалар мен жастардың білім мен даму орталығына айналдыруды көздейтінін атап өтті.
Ал Qalan өкілі Асқар бауырымыз өз кезегінде жобаның тарихы мен миссиясын таныстырып, білім мен технологияны біріктіретін ортақ бастамалар жайлы баяндады.
mBank платформасы бүгінде Қырғызстандағы ең ірі цифрлық жобалардың бірі. Қазір онда 200 мыңға жуық бала мен жасөспірім қолданушы тіркелген және бұл көрсеткіш ай сайын артып келеді.
Платформаның басты мақсаты – жастарды қаржылық сауаттылыққа, технологияны дұрыс пайдалануға және білім алуға баулу. Qalan.kz осы экожүйеге қосылу арқылы оқушыларға арналған білім беру бағытын дамытуды көздеп отыр.
mBank пен Qalan арасындағы серіктестік екі елдің ортақ мүддесіне қызмет етеді – білім мен инновация саласында тәжірибе алмасуға жол ашады.
Келіссөздер күн бойы жалғасып, екі тарап ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша келісімге қол қойды. Кездесуден кейін қонақтар Өмүрбек Бабановтың арнайы жайған дастарханынан дәм татып, екі елдің бірлігі мен білім саласындағы жаңа серіктестікті атап өтті.