Logo
Іздеу
Айдарлар

Жамбыл облысында ер адам ұлын ұрғаны үшін жазаға кесілді

/
Жамбыл облысында ер адам ұлын ұрғаны үшін жазаға кесілді
Сурет: ЖИ

Тәрбиенің осындай қатал әдісі оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жаза болып қайтты. Дегенмен, бұл – ол үшін ең жеңіл жаза еді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Іс Сарысу аудандық сотында қаралды. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, әке ұлының түні бойы телефон қарап, таңертең уақытында тұрмағанына ашуланып, оны бетінен ұрған.

HALYQSTAN телеграм арнасының мәліметінше, баланың жасы бар болғаны 4 жаста! Оқиға туралы полицияға оның анасы хабарлаған. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағанға қатысты ұрып-соғу) қозғалған. Әйел жай ғана шапалақ үшін полицияға жүгінбегені анық. Полиция да мұндай жағдайда істі бекер қозғамайды. Алайда, баланың сол сәттегі жағдайы туралы ақпарат берілмеген — мұны баланың құқығын қорғау мақсатында түсіндірген.

Нәтижесінде прокурор әкеге 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын сұраған, себебі ол кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген. Ал баланың анасы күйеуін кешіргенін айтқан.

Айып тағылған баптың санкциясы 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі (393 200-ден 786 400 теңгеге дейін) айыппұлды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не 100-ден 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысты, не 30-дан 50 тәулікке дейінгі қамауды көздейді.

Яғни, мемлекеттік айыптаушы ең жұмсақ жазаны таңдады. Сот та бұл шешіммен келісіп, кінәсін мойындау, шын өкіну және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде қабылдады.