Logo
Іздеу
Айдарлар

Ақтөбеде өз әріптесін өлтірген дәрігерге сот үкімі шықты

/
Ақтөбеде өз әріптесін өлтірген дәрігерге сот үкімі шықты
Сурет: Рixabay

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен жергілікті диализ орталығының аға мейіргерге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот мәліметінше, айыпталушы бірде әріптесі Абай Айсағалиевке телефон мен банк қосымшаларын орнатуға көмектескен. Сол кезде ол әріптесінің шоттарында ірі көлемде ақша бар екенін білген.

Айыпталушы Айсағалиевтің жалғыз тұратынын пайдаланып, биыл мамыр айында оның үйіне барған. Ақшасына иелік ету ниетімен ол әріптесіне ас үй балтасымен өміріне қауіпті жарақаттар салған. Кейін денесін тоңазытқышқа жасырған.

Бұдан соң, алдын ала сатып алған силиконды бетпердені киіп, марқұмның банк шоттарынан 5 268 000 теңге алған. Сондай-ақ оның ұялы телефондарын, планшеті мен ноутбугін ұрлап, жалпы 1 966 860 теңге шығын келтірген.

Бірнеше күннен кейін ол өзі келіп, кінәсін мойындаған.

Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындады, алайда сот оның кінәсі жәбірленуші тараптың, куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары, бейнебақылау жазбалары және заттай дәлелдемелер арқылы толық дәлелденді деп тапты.

Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкім бойынша, айыпталушы пайдакүнемдік мақсатта кісі өлтіргені және аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот оны қылмыстар жиынтығы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.