Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорда тұрғындарымен кездесу барысында LRT жобасының алдағы тағдыры туралы айтты. Әкімдік жеңіл рельсті көлік желісін Қосшы қаласына дейін созуды жоспарлап отыр.
«Білесіздер, бұл қаладан күн сайын елордаға 15-20 мыңға жуық көлік кіреді. Бұл - өте үлкен ағын. Қосшы өсіп келеді», - деді Қасымбек.
Сонымен қатар, LRT-ның басқа тармағы Тұран даңғылына дейін, әрі қарай ескі теміржол вокзалына дейін жалғасады.
«Бірақ бірінші бөлігі тезірек аяқталады. Біз Қосшы бағыты бойынша жобаны жүзеге асыруға ең көп дегенде бір жарым жыл кетеді деп болжап отырмыз», - деп нақтылады әкім.
LRT желісі жерүстімен қатар, жерасты бөліктерін де қамтиды. Қазір билік жобаны қаржыландыру көзін іздеп жатыр.