Талғар қаласында Хасан Қасымбаев пен оның серіктеріне қатысты сот ісі аяқталуға жақын. Бүгін негізгі айыпталушы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еске салайық, прокурор Ерлан Құланбаев Қасымбаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды, ал қалған сотталушыларға 9 жылдан жаза тағайындауды сұраған болатын.
Бұл шешім айыпталушылар мен олардың туыстары арасында үлкен толқу туғызды. Сот залында айыпталушылар мен прокурор арасында дау шығып, судья бірнеше рет тыныштық сақтауға шақырды, деп жазды Orda.kz.
Арман Әлімовтің анасы сөз алып, ұлының соққыдан кейін туберкулезге шалдыққанын айтты. Алайда айыпталушылар бұған келіспеді.
– «Соққыдан туберкулез болмайды. Арман нашақор еді, өзі есірткі сатқанын мойындаған. Оның ауруына біздің қатысымыз жоқ», – деді олардың бірі.
Өз сөзінде Хасан Қасымбаев өзін кінәсіз деп мәлімдеді:
– «Мен ешқандай қылмысқа қатысқан жоқпын. Мен қоғамды тыныштандыру үшін құрбан болмауым тиіс. Мен ешқашан заң бұзған емеспін, маған тағылған айып жалған», – деді ол.
Қасымбаевтың айтуынша, іс бойынша оның кінәсін дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ жоқ:
– «Менің кінәмді дәлелдейтін не хат-хабар, не куәгер жоқ. Тек жәбірленушінің жалған сөзі ғана бар. Мен оны өмірімде көрген де, сөйлескен де емеспін. Оған зиян тигізуге еш себеп те, мүдде де болған жоқ», – деді айыпталушы.
Ол өзін қоғамдық резонанс тудырған істің «ыңғайлы адамы» деп санайды:
– «Мен ешқандай банданың мүшесі болған жоқпын. Бірақ іс ушығып кеткен соң, кінәлі керек болды, сол үшін мені таңдады. Жәбірленуші мені «хутор бандасының басшысы» деді, бірақ Талғарда не Алматы облысында ондай банда ешқашан болмаған. Бұны полицияның өзі де растаған жоқ», – деп мәлімдеді ол.
Сот отырысындағы үзіліс кезінде Қасымбаев қысқаша пікір білдірді:
– «Кінәсіз адамға 15 жыл беру – ауыр нәрсе. Дәлел жоқ, сот тек бір тарапты тыңдады. Жоғарғы сот пен Бас прокуратурадан әділ шешім күтемін. Соңына дейін күресемін», – деді ол.
Адвокат Ерлан Мендешев те бұл істің қоғамдық қысыммен қозғалғанын айтты. Оның сөзінше, марқұм Шерзаттың әкесі эмоциямен Қасымбаевты айыптап, «хуторлық қылмыстық топ» туралы айтқаннан кейін медиа мен жұртшылықтың реакциясы тергеуге әсер еткен.
Сот ғимаратының алдында ондаған адам жиналып, үкімге қарсылық білдірді.
Айта кетсек, «Хуторлық қылмыстық топ» туралы кейбір тұрғындар да сөз еткен еді, бірақ Ішкі істер министрлігі мұндай топтың бар екенін ресми түрде жоққа шығарған.