Logo
Іздеу
Айдарлар

«QAITADAN» фильмі STEPPE AWARDS сыйлығының жеңімпазы атанды

/
«QAITADAN» фильмі STEPPE AWARDS сыйлығының жеңімпазы атанды
gov.kz

Қазақстандық көрермендердің ерекше ықыласына бөленген «QAITADAN» фильмі елдегі креативті индустрия саласындағы беделді марапаттардың бірі - STEPPE AWARDS сыйлығын иеленді. Картина «Кинематограф» номинациясында жеңіске жетті.

Фильмнің режиссері - Думан Еркімбек. Бұл оның толықметражды дебюттік туындысы. Картина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Жоба 2023 жылғы питчинг нәтижесінде мемлекет қолдауына ие болып, прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған алғашқы отандық фильм ретінде кино тарихында ерекше орын алды.

Сюжет желісі қалада өскен Рауан есімді жігіттің ауылға оралып, уақыт ілмегіне түсіп қалуынан басталады. Ол күрделі жағдайдан шығуға тырысып жүріп, үлкен апаттың куәгері болады. Фильм ұрпақ сабақтастығы, жауапкершілік, қауіпсіздік және бір-біріне көмек қолын созу тақырыптарын қозғайды.

Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов сомдаған. Түсірілімдер Алматы облысында өтті. Картинада компьютерлік графика мен шынайы арнайы эффектілер үйлесім тапқан. Қоюшы-суретші - Бекен Нарбай, продюсерлер — Жалын Тілеубергенов пен Талғат Сырманов.

STEPPE AWARDS - Қазақстандағы креативті индустрияның үздіктерін анықтайтын марапат. 2025 жылғы жүлделер 16 номинация бойынша табысталды. Олардың қатарында кинематограф, театр, креативті IT, урбанистика, digital art және Steppe Women бар. Биылғы марапаттың тақырыбы - «Ренессанс», ал ұраны - «The Art of Becoming». Ұйымдастырушылар ізденіс, даму және жаңғыру идеясын айқын бейнелеген жобаларды атап өтті.