Ең алғаш маркетинг әдісімен халықты баурап қана қоймай, фильм шыққанға дейін қаншама апта бойы талқылауға түскен «Дәстүр» отандық фильмінің бүгін екіншісіне, яғни жалғасына барып қайттым. Фильмді толық көрдім. Киносыншы емеспін, бірақ көрген нәрсені жазуға тура келіп отыр. Себебі әр фильмнен із, ізденіс, ізеттілік, мораль, қандайда бір мән іздейтін адам ретінде ішімде бір емес, жүз сұрақ қалып кетті. Жауабын әлі іздеп отырмын, таппадым. Бәлкім, көрген өзге көрермен жауабын тапқан болар.
Фильмдегі әр кейіпкер өз рөлдерін жақсы алып шыққан. Бастысы сценарий бойынша «айт» дегенді айтып, «істе» дегенді істеп берген, бірақ сол фильмге түскен актерлердің де ішінде «неге бұл жерде бұлай істедім екен» деген сұрақ қалған шығар деп ойлаймын.
Күміс апа. Аты күміс болғанымен, тот басқан темір секілді ажарын сценарий авторы бірер сәттік еске алатын кадрға тоғыта салған. Оны көрген мен де, қасымда отырғандар да сезініп үлгермей қалдық. Бақсы-балгердің, шайтанмен ауыз жаласқан әулеттің ұрпағы екен деп отырдым басында. Себебі түрі, киімі, жүрісі, әрекеті, оған анау оралған, ілінген қаптаған қызыл жіпті қосыңыз, бәрі келіп тұр. Бақсам балгер емес, амалдың жоғынан «Өлгендер ханшайымын» (ондай қазақ мифологиясында бар ма еді?) шақырып алған кәдімгі ауылда күн кешкен, өзіміздің көрші Күләш секілді бір әже ғой.
Алпысбай және төсек астында жатқан біреу. Кішкентай баланы қысып ұстап, әпшу сұрап, артынан үйіне кіргізбек болған кезде «әй, Алпысбай!» деген Күміс апаның сөзіне селт еткен ол, «бұл дәстүріміз ғой» деп күңкілдейді. Әпшу беруді дәстүр деді ме, әлде құрбандық жолын дәстүр деді ме кім білсін, қысқасы фильмге лайық болсын деп атауын айтып қалды әлгі жерде. Сырттан келген біреу көріп, қазақ дәстүрімен таныс болмаса, «қазақтар, барып тұрған жабайы, дәстүрі қаңсық, өмірлері тозақ болған бір халық екен ғой» деп мырс етер еді, не қорқар еді.
Ең сүйкімді әрі ең ауыр кейіпкер – Досбол. Шынашақтай ғана баланың тілі де, өзі де тәтті. Тек Күміс апа шақырған «Өлгендер ханшайымының» құрбаны болатыны болмаса, Досбол сол сәтке дейін залда отырған ата-ана үшін өзінің баласы секілді күйді ұстап отырады. Алайда, «мамалап» шыңғырған баланың дауысы залдан шыққан ата-ананың құлағында біраз жаңғырып тұрары анық. Бұл жерін жүрекке жеткізіп, драма соңын трагедияға айналдыру деп түсіндім. О бастан Дананы аман алып қалу үшін оның жолында көп нәрсенің құрбан болатыны анық көрініп тұрды. Тек Досбол емес...
Әр детальді суреттемей-ақ қояйық, бірақ маңызды бірнеше тұсы бар: бұл фильмнің көрсеткісі келгені нақты қандай дәстүр? «Теріс бата» деп аталғанымен ол теріс батаны кім-кімге, қалай бергені ашылмаған. Ол жай ғана басты кейіпкердің шешесімен болған кадрда, онымен бірге келген құмалақшының шашып жіберген құмалағының тасасында қалып кетті.
Фильмде қоңырқай әрі қараңғы түс және қызыл жіптің қою қызғылт формасы қатты көрінеді. «Дәстүр 2: қызыл жіп» деп қойса, бәлкім басқаша болар ма еді.
Фильмнің басында және соңында қойылатын «Ана туралы жыр» бұл фильмде аналар баласы үшін бәріне дайын, құрбан деген мессежді бергісі келгендей.
Жалпы «5:32» сериалын көргендер болса, фильмнің бүкіл желісі соны қайталап шыққандай. Формат, образдар, кадрлардағы ұқсастықтар бәрі-бәрі бұрынғы ізді қайта жалғай салғандай көрінді.
Жалпы қысқаша осы. Бұдан да тереңірек жазуға болар еді, бірақ спойлер болып кетер деп, жазбадым. Фильмге бару-бармау әркімнің өз ішінде, бірақ сентименталды ата-ана үшін абайлау керек дер едім.