Қостанайда Арқалық пен Рудный қалаларының бұрынғы прокуроры Марат Оспановқа қатысты пара алуға оқталу ісі бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «Қостанайские новости» газетіне сілтеме жасап.
«Қостанай қалалық №2 сотында бес жыл Арқалықтың және бір жыл Рудныйдың прокуроры қызметін атқарған Марат Оспановтың ісі қаралды. Алғашында ол ірі көлемде пара алуға оқталды деген айыппен жауапқа тартылған еді. Алайда ұсталған сәтінде тәркіленген 20,1 миллион теңгенің 8,1 миллионы жалған ақша болып шыққандықтан, айып неғұрлым жеңіл бапқа – «пара алуға оқталу» деп өзгертілді», – делінген хабарламада.
Соңғы сөзінде Оспанов отбасы айыппұлды төлеуге дайын екенін айтты. Оның бауыры әрі қорғаушысы Темірхан Оспанов туыстарының банк шоттарында 500 миллион теңгеден астам қаражат барын растайтын құжаттарды ұсынды.
31 қазанда сот Марат Оспановты кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде төрт жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
 
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        