Автокөлік иесі көлігін зақымдаған ағаш бұтақтары үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жөндеу шығындарын сот арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Іс Тараз қаласында қаралған. 2025 жылдың наурызында Hyundai i20 жүргізушісі бағдаршамда тоқтаған сәтте көлікке үлкен ағаш бұтақтары құлаған. Сарапшының қорытындысы бойынша, жөндеу құны 1 миллион теңге болған, деп хабарлады 3 қарашада Тараз қалалық соты.
Ер адам соттан материалдық шығынды, мемлекеттік бажды және өкіл қызметіне кеткен шығындарды өндіріп беруді сұраған. Жалпы сомасы – 1,1 миллион теңгеден астам.
«Қазгидромет» дерегінше, сол күні желдің ең жоғары жылдамдығы секундына 31 метр болған. Ал жауапкер оқиғаны форс-мажор деп көрсетіп, талапты қанағаттандырмауды сұраған. Сондай-ақ, жауап беруші тарап бюджеттен мұндай өтемақы қарастырылмағанын алға тартқан. Сақтандыру компаниясының өкілі де сотта ағаштың құлауы сақтандыру жағдайына жатпайтынын түсіндірді.
Сот іс бойынша барлық материалдар мен дәлелдерді зерттей отырып, көлік иесінің талабын толық қанағаттандырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен автокөлік иесіне 1,1 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп берілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.