Logo
Іздеу
Айдарлар

Алика Мұхамадиева үш жарым жылға сотталды

/
Алика Мұхамадиева үш жарым жылға сотталды
Сурет: видеодан скрин

Қазақтар мен мұсылмандарды балағаттаған қарағандылық Алика Мұхамадиева үш жарым жылға сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін соттағы пікірталас кезінде прокурор Алика Мұхамадиеваны «ұлтараздықты қоздырды» деп танып, төрт жарым жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Қарағанды тұрғыны әлеуметтік желілерде қазақтар туралы өткір және қорлайтын пікірлер жариялаған. Тергеу қорытындысында бұл жазбалар қоғамда ұлтаралық шиеленіс тудыруы мүмкін деген тұжырым жасалған. Сараптама да осыны растады. Прокурордың айтуынша, Мұхамадиеваның сөздері «ұлттық сезімге тиіп, дінаралық негізде қоғамда кернеу туғызуы ықтимал» болған.

Соттағы соңғы сөзінде Алика Мұхамадиева тағы да кешірім сұрады.

«Құрметті сот, мен айтқым келгеннің бәрін алдыңғы отырыстарда жеткіздім. Бірақ бүгін тағы да бәрінен кешірім сұрағым келеді. Мен ренжіткен жандардың барлығынан шын жүректен кешірім сұраймын. Өте ұят болды. Өз кінәмді толық мойындаймын, өкініш білдіремін және менің кішкентай қызым бар екенін ескерсеңіздер деймін. Адам бәрін жоғалтқанда ғана бағалай бастайды екен. Мен соған көз жеткіздім. Мақсат қуып жүріп, өмір сүре алмайсың. Қазір қызымның қасында болу үшін барлығын беруге дайынмын», - деді айыпталушы сотта.

Нәтижесінде сот Алика Мұхамадиеваны үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім шығару кезінде оның кішкентай баласы бар екені ескерілді.