Қазақстандағы еңбек мигранттары арасында Қытай азаматтарының саны 5 330-ға жетіп, бірінші орынға шықты. Осы ретте тілшіміз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтан шетелдік жұмысшылардың жалақысы мен еңбек шарттарын нақты тексере ме екенін сұрады. Бұдан бөлек қытайлық жұмысшылардың еңбекақысы мен жергілікті мамандардың жалақысында айырмашылық қандай?
Сұраққа жауап берген вице-министр Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту және еңбек құқықтарын қорғау еліміздің Еңбек Кодексімен реттелетінін еске салып, аталған министрлік және аумақтық еңбек инспекциялары шетелдік жұмысшылардың, соның ішінде Қытай азаматтары мен басқа елдердің азаматтарының еңбек шарттарын және еңбек ақыларын заңға сәйкес текеру жұмыстарын жүргізетінін айтты.
«Негізі шетелдік жұмысшыларға тексерулер бойынша шағымдар мен өтініштер түскен жағдайда ғана біз тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз. Жалпы алғанда бізде ондай диспропортция жоқ. Егер Қытайдың маманы біздің еліміздің маманымен бірдей қызмет жасаса, онда олардың айлықтары бірдей болады. Қытай азаматының айлығы көп, ал біздікі төмен деген ақпарат жоқ, ол ‒ бір. Екіншіден, барлығы еңбек шартымен келісім жасалады. Жұмыс істейтін сағатқа байланысты, еңбектің көлеміне байланысты еңбек шарты ‒ маңызды. Жұмыскердің еңбек шарты тексеріледі. Бізде қазір барлық жұмыскерлердің бірыңғай жүйесі бар. Еңбек шарты сол біріңғай жүйеде көрсетілген. Бірыңғай жүйенің ішінде қазір 4500 жұмыскер бар. Оның ішінде 4 000 шарт енгізілген. Ол міндет. Еңбек Кодексінің 23 бабына сәйкес жұмыс беруші міндетті түрде еңбек шартын енгізуі керек. Біз оны онлайн мониторинг жасаймыз», ‒ деді Асқарбек Ертаев.