Logo
Іздеу
Айдарлар

Киіктердің еті супермаркеттерде сатыла бастайды – министрлік

/
Киіктердің еті супермаркеттерде сатыла бастайды – министрлік
Сурет: pexels

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин 2025 жылғы 4 қарашада өткен Үкіметтің баспасөз конференциясында алдағы уақытта киік етін қазақстандық супермаркеттерде сату жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Вице-министрдің айтуынша, жалпы киік популяциясына қатысты реттеу жұмыстарын Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүргізеді.

— Біз өз тарапымыздан киік еті сойылатын орындарда ветеринарлық бақылау жасаймыз. Қазіргі таңда сатылымға шектеу қойылған жоқ. Себебі қандай да бір шектеу енгізбес бұрын, алдымен мониторинг жүргіземіз. Барлығы бақылауда: ауру белгілері бар-жоғын тексереміз. Қазір еш қауіп байқалмады, сондықтан киік етін сату еркін жүріп жатыр, — деді Бердалин.

Журналистердің «Киік етін сату нүктелері көбейе ме?» деген сұрағына ол:
— Иә, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Болашақта киік етін супермаркеттерден де сатып алуға мүмкіндік болады, — деп жауап берді.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде мереке алдындағы ет бағасының күрт қымбаттауына жол бермеу шаралары қолға алынатынын айтқан еді.