Соңғы бес жыл ішінде Қазақстан армиясында жүздеген әскери қызметші қаза тапқан, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
«Соңғы үш жылда елімізде 270 әскери қызметші көз жұмды. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид және 20 өз-өзіне қол жұмсауға талпыныс тіркелген», – деп 2024 жылдың қыркүйегінде Мәжіліс депутаты Нартай Сарсенғалиев ресми статистиканы жариялаған болатын.
Соңғы екі жылда (2023–2025) бірнеше ірі қайғылы оқиға мен жеке өлім және жарақат алу жағдайлары тіркелді. Атап айтқанда:
– 2023 жылдың желтоқсанында Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар бас-ми жарақатын алып, комаға түсті – оның оқиғасы қазақстандық армиядағы ең резонансты жағдайлардың бірі саналады;
– 2024 жылғы 13 мамырда әскери госпитальда соққыға жығылған сарбаз Досымжан Сәлімжан көз жұмды;
– 20 мамырда Аягөзде мерзімді қызметтегі сарбаз «бактериялық менингиттің найзағай тәрізді түрінен» қайтыс болды;
– 2024 жылғы 7 қыркүйекте елдің әр өңіріндегі полигондарда екі сарбаз қаза тапты: бірі – «Оймашы» полигонында лейтенанттың оғынан, екіншісі – Маңғыстау облысында қаруды дұрыс қолданбау салдарынан;
– 17 қыркүйекте Арыс гарнизонында келісімшарт бойынша қызмет еткен әскери қызметші басынан жараланып, суицид жасамақ болғаны хабарланды;
– 14 қазанда Қарағанды облысында сарбаз басынан оқ тиіп қаза тапты – себебі суицид деп көрсетілген;
– 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонында мерзімді қызметтегі сарбаз өлі күйінде табылды – себебі суицид делінген;
– 2025 жылғы 23 қыркүйекте Жетісу облысында оқу-жаттығу кезінде сарбаз қаза тапты – себеп ретінде «қаруды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу» көрсетілген;
– 5 қазанда Алматы облысында ҰҚК Шекара қызметінің қатардағы әскери қызметшісі көз жұмды – өлім себебі менингококцемия делінді;
– 7 қазанда Маңғыстау облысындағы ҰҚК Шекара қызметінде мерзімді сарбаз техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан мерт болды.
Бұл – көпшілікке белгілі болған ең ірі оқиғалар ғана. Ал Сарсенғалиев келтірген жүздеген өлім туралы статистиканы ескерсек, қоғамға беймәлім көптеген қайғылы жағдайлар бар екені анық.