Алматыда тау инфрақұрылымын дамыту жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр: 1 мың шақырымнан астам маршрут цифрландырылды, оның ішінде 750 шақырымнан астамы көркейтілді, 16 кемпинг-аймақ жасақталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазіргі уақытта 10 басым бағыттағы маршруттарды көркейту аяқталуға жақын. Олардың қатарында Көкжайлауға шығатын жолдар, «Нұрлытау» шыңына баратын соқпақтар, Бутаковка бағыты, «Халық соқпағы», сондай-ақ Кімасар және «Панорама» бағыттары бар.
Жұмыс аясында навигациялық белгілер, ақпараттық тақталар, бағыттамалар, демалысқа арналған күркелер, қоршаулар мен қарау алаңдары орнатылып жатыр. Соқпақтарда қауіпсіздік құрылымдары, ағаш қаптамалар, сатылар және демалыс аймақтары жасалған.
Алма-Арасан бастауы қайта жаңғыртылды және ұзындығы 775 метрлік соқпақ толық қайта жаңартылды: беткейлер нығайтылды, көпірлер қалпына келтірілді және қауіпсіздік элементтері қосылды.
Қолжетімділікті арттыру мақсатында 27,5 мың дана тиражбен атлас, карта және буклет дайындалды, үш тілде Брайль қарпімен материалдар әзірленді. Сонымен қатар 110-нан астам нысан мен 10 маршрутқа арналған аудиогид бес тілде жасалып жатыр.