Logo
Іздеу
Айдарлар

Отандық марафоншы үздіктер қатарында

/
Отандық марафоншы үздіктер қатарында
Сурет: видеодан скрин

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы ТАН марафондар сериясының барлық кезеңін еңсеріп, «TAN марафон мейджоры» атағына ие болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылған TAN Marathon Series түркітілдес мемлекеттердің спорттық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірегей марафондар сериясы болды. Бұл ауқымды жоба шеңберінде Баку, Бішкек, Алматы, Түркістан және Самарқанд қалаларында марафондар өтті. Қазақстан, Әзірбайжан мен Өзбекстанда өткен марафондар елдің жылы ықыласын туғызудан бөлек, түркі тілдес елдері арасында жаңа спорттық байланыстарға жол ашты.   

TAN сериясының басты мақсаты – түркі елдері арасындағы достық, мәдени және спорттық байланысты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және халықаралық деңгейдегі спорттық туризмді дамыту.

Бұл беделді марафонның бес кезеңін бір жыл ішінде сәтті еңсерген марафоншылар «TAN марафон мейджоры» атағына ие болды. Қазақстан атынан бұл мәртебелі тізімге енген Марғұлан Ермағанбетұлы Болашақ бағдарламасының түлегі. Ол марафонмен 2019 жылдан бастап айналысып келеді. Алғашқы жүгіру сайысы 42 шақырымдық Астана марафоны болған еді. Сол сәттен бастап ол ұзақ қашықтыққа жүгіруді өмірінің басты құндылықтарының бірі ретінде санап, рух пен төзімділікті ұштастырып келеді.

Соңғы Самарқанд марафонын ол 3 сағат 25 минутта аяқтап, өз нәтижесін жаңа деңгейге көтерді. Түркі әлемінің марафон тарихында ел намысын лайықты қорғап, «TAN Marathon Major Finisher» мәртебесіне ие болды.

TAN марафон сериясы – бұл тек спорт сынағы ғана емес, бұл елдер арасындағы рухани және мәдени көпір. 

- Әр елдің марафоны арқылы мен халықтың рухын, бірлігін, ортақ тамырын сезіндім. Бұл түркі әлемінің бірлігі мен достығының символы, – дейді Марғұлан Ермағанбетұлы. 

TAN марафон сериясы жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп, түркі халықтарының достығы мен салауатты өмір салтын дәріптейтін халықаралық брендке айналмақ. 

Шүкір Әлім