Қоғам дамуының алғышарттарының бірі ‒ гендерлік теңдік. Ол тек әйелдерге қатысты мәселе емес, отбасының гүлденуі, өскелең ұрпақтың тәрибесі мен әділетті, бейбітсүйгіш қоғамның қалыптасуы және экономикалық-мәдени дамудың сөрсеткіші.
Әйелдердің қоғамда белсенді болуы, қызметте ерлермен терезесі тең күш сала алуы, ғылым-білім, инновация мен технологияның дамуына араласып, зорлық-зомбылықтан ада өмір кеше алуы мемлекетті алға сүйрейтін механизмге айналады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша Қазақстанда гендерлік теңсіздік индексі 0,337-ге тең. Бұл соңғы 15 жылда 0,126-ға кемігендігін көрсетеді.
Айта кетейік, гендерлік теңдік индексі әйелдердің білім ала алу мүмкіндігі, олардың денсаулығы, экономикалық мүмкіндігі, яғни еңбекке араласуы, саяси билікке келуі мен әлеуметтік рөлі сияқты түрлі критериилерге байланысты анықталады.
Әйел денсаулығы ‒ алдыңғы орында
Мысалы Ұлттық статистика бюросы берген мәліметтер бойынша Аналар өлімінің деңгейі (100 000 тірі туғандарға шаққанда) ‒ 2008 жылы ‒ 31,2 болса, 2023 жылы ‒ 11,4 құраған, яғни 19,8-ге кемігенін көруге болады. Бұл айтарлықтай жақсы жетістік. 15 - 19 жастағы 1000 әйелге шаққанда бала туушылық коэффициенті де төмендегенін көруге болады. Мысалы 2008 жылы ‒ 31,12 көрсеткен екен, сәйкесінше 16 жылдың ішінде ‒ 17,59 төмендеген. Бұл статистикалық деректер елдегі әйел адамдардың денсаулығына қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын айқындайтын көрсеткіш.
Парламенттегі гендерлік теңдік: нақты көрсеткіштер
Мемлекеттің өркендеуін, демократия жолында әділдік пен теңдікке қадам басқанын нәзік жандылардың саясатта қаншалықты белсенді, билікке қаншалықты қол соза алатынынан көруге болады. Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, Парламент Мәжілісіндегі депутаттардың ішінде әйелдер 16 жыл ішінде 0,17 коэффициентінен 0,19 жеткен. Мұны көп деп айтуға келмес, бірақ өсім бар. Қазіргі қоғамдағы әйелдердің саяси белсенділігі, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге үн қату жиілігіне қарайтын болсақ, алда саяси биліктегі олардың саны әлі де артады деуге болады.
Білімді әйел ‒ білімді болашақ ұрпақ
Ұлттық статистика бюросының 15 жас және одан жоғары жастағы халықтың ең кемінде орта білімі барларының үлесі 2008 және 2023 жылдар аралығындағы коэфиценті 0,806-дан 0,866-ға көтеріліпті.
Еңбекке жарамды жастағы экономикалық тұрғыдан белсенді әйелдердің үлесі осы уақыт аралығында 0,788-ден 0,789-ға көтерілген.