2024 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 0 – 17 жас аралығындағы 6 млн 900 мыңға жуық бала бар екен. Қазақстан қаншалықты жас мемлекет? Еліміздің туу көрсеткіші мен өсу қарқыны қандай? Біз 2019-2023 жылдарға арналған Қазақстан балалары статистикалық жинағына көз жүгіртіп көрдік.
Жинаққа сенсек, соңғы 7 жылда балалардың саны ең көп өсуі 2022 жылы болған екен. 2024 жылдың басында балалар саны жағынан оңтүстік өңірлерде ең көп бала тіркелген көрінеді. Мысалы Түркістан облысында 1 миллионға жуық бала өмір сүрсе, облыстың ірі қалаларының бірі Шымкент қаласында 497 мыңнан артық бала тұрады екен. Оңтүстік астанамыз ‒ Алматы қаласында 665 429 бала бар көрінеді. Бұл ‒ еліміздегі ірі қалалар мен облыстар арасында бала саны ең көп тіркелген үштік. Ал Қазақстандағы бала саны жағынан ең аз облыс ‒ Ұлытау облысы көрінеді, өңірде 75,5 мың ғана бала бар.
Елдегі туу көрсеткіші (оның ішінде тірі туылғандары) 2019 жылы ‒ 401 869 бала туған болса, 2023 жылы ‒ 388 428 шақалақ дүние есігін ашыпты.
Қазақстанда ең көп босанатын әйелдер 20-39 жас аралығында екен. Тіпті 40 жасқа тақаған әйелдердің дүниеге бала әкелу көрсеткіші 2023 жылы 16,18 пайызды құрапты.
Жас босанулар, яғни 20 жасқа дейінгі босанулар 2005-2023 жылдар аралығында едәуір азайған. Мысалы 2005 жылы ондай босану саны ‒ 7,46 пайыз тіркелсе, 2023 жылы ‒ 3,26 пайызды көрсетіпті. Жас босану санының азаюы жастардың репродуктивті сауаттылығының артқанын, жыныстық тәрбиенің дұрыс жүргізіле бастағанын, өскелең ұрпақтың жауапкершілікті түсіне бастағанын көрсетсе керек.
Аталған деректерге сүйенсек, 45 және одан да жасы үлкен әйелдердің бала босану көрсеткіші жыл өткен сайын керісінше артып бара жатқанын көреміз. Мысалы 18 жыл бұрын кеш босану 0,11 пайызды көрсетсе, 2023 жылы олардың пайыздық көрсеткізі ‒ 0,26 болып отыр. Бұл әйелдердің денсаулығының артқанын, бала босану мүмкіндігінің көбейгенін көрсетуі мүмкін.
Алайда көрсеткіші бес жыл ішінде азаймаған екен. 2019 жылы 20 әйелдің жүктілікте, босану мен туғаннан кейінгі кезеңнің асқынуынан өлім-жітімі болса, 2020 жылы олардың саны 34-ке бірақ жеткен, кейінгі екі жылда 33 адамды құраса, 2023 жылы 16 адам өлімі болыпты.
Ал осы уақыт аралығында 1 жасқа дейінгі нәрестелердің өлім-жітімі бір кезде 3 мыңға жуықтаса, бір кездері 3 мыңнан асып кетіпті.