Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі барысында үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Солардың қатарында - «Союз-5» және «Бәйтерек» зымыран кешендерінің ұшу сынақтарын өткізу жөніндегі Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келісім де бар.
Кеше Мәскеуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев аталған келісімге қол қойды.
Комиссияны құру ұшу сынақтарына дайындық пен оларды өткізу бойынша жұмыстарды үйлестіруге, сондай-ақ ғарыш саласындағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі болып саналатын «Бәйтерек» жобасын одан әрі іске асыруға мүмкіндік береді.
«Бәйтерек» жобасы 2004 жылы қол қойылған үкіметаралық келісімге сәйкес «Байқоңыр» ғарыш айлағында жүзеге асырылуда және ол Қазақстанның зымыран-ғарыш саласын дамытудың жаңа кезеңін қамтамасыз етіп, елдің технологиялық және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.