Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресей «Азия-Авто» компаниясының бұрынғы басшыларын Қазақстанға неге бермей отыр?

/
Ресей «Азия-Авто» компаниясының бұрынғы басшыларын Қазақстанға неге бермей отыр?
Сурет: ашық дереккөзден

Ресей «Азия-Авто» автоконцернінің бұрынғы топ-менеджерлері Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты Қазақстанға экстрадицияламайды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазақстан соттарының Ресей аумағында жүрген ресейлік азаматтарға қатысты үкімдерін тану және орындау мәселесі 2002 жылғы 7 қазандағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы конвенциямен реттеледі. Осыған байланысты Қазақстанның бас прокуратурасы аталған тұлғаларға қатысты сот үкімін тану және орындау жөнінде Ресей тарапына бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда Ресейдің әділет министрлігі бұл өтініштерді қанағаттандырмады», – деп хабарлады Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі ҚазТАГ редакциясының сауалына берген жауабында.

Ведомство мұны Ресейдің конвенцияны ратификациялау кезінде өз азаматтарына қатысты шетел соттарының үкімдерін орындауды көздейтін 109-бапты қолданбау құқығын өзіне қалдыруымен түсіндірді.

«Сонымен бірге, А. Балушкин мен Е. Сағымбаев іздеу тізімінен алынған жоқ. Сондықтан олар өзге елдің аумағынан табылып, ұсталған жағдайда экстрадициялау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ бұл тұлғалар Ресей азаматтығын алғандықтан, Қазақстан азаматтығынан айырылғанын хабарлаймыз. Үкімнің мүлікке қатысты бөлігі бойынша қандай шаралар қабылданатыны жөнінде ақпарат алу үшін Қазақстанның әділет министрлігіне жүгінуге болады», – деп толықтырды қадағалаушы орган.

Еске салайық, 2025 жылдың сәуірінде Қазақстан соты аса ірі көлемдегі алаяқтық және салық төлеуден жалтару ісі бойынша Балушкинді сырттай 9 жылға, Сағымбаевты 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.