2020 жылы ЮНЕСКО Тоғызқұмалақты әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізді. Бүгінгі күні тоғызқұмалақпен Қазақстан бойынша, 200 мыңнан астам адам тұрақты айналысады екен. Сонымен қатар ұлттық ойынымыз ‒ тоғызқұмалақ Қазақстан мектептерінің бағдарламасына міндетті болмаса да енгізілген, арнайы үйірмелер, факультативтер мен қосымша сыныптан тыс сабақ ретінде де өтетін көрінеді. Себебі аталған ұлттық ойын баланың зеректігін, математика және логикалық қабілетін арттырып, ұлттық мәдениетімізді тани түсуге көмектеседі.
Бұл туралы тілші сұрағына жауап берген ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов ұлттық ойынымыздың мектептерде қаншалықты жиі өткізілетінін айтып берді.
«Дене тәрбиесі пәнінде тоғызқұмалақ ойын түрі міндетті түрде оқытылады. Ол жерде жлынына 102 сағат бөлінсе, оның ішінде интеллектуалды ойын түрлеріне арнайы сағат саны бөлінуде. Сонымен қатар білім саласында 25 сағаты вариативті сағат түрі деп бекітілген. Оның ішінде егер осы спорт түрінен мамандары мықты болса, тереңдетіп оқытуға толықтай мүмкіндік берілген», ‒ дейді Аманбай Нұрмұханбетов сұраққа жауап беру барысында.
Толықтыра кетейік, 2020 – 2022 жылдарда білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, “Вариативті курс” ретінде бастауыш сыныптарда оқытуға ресми мүмкіндік берілді. Яғни мектептер өз қалауы бойынша 1 – 4 сыныптарға «Тоғызқұмалақ» пәнін енгізе алатын болды.
«Ал тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізу оқушыларға қандай артықшылықтар береді және мұндай пән енгізудің кедергілері қандай?» деген тілшінің сұрағына жауап берген ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары ешқандай кедергі жоқ екенін айтады.
«Бұл жерде ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз. Себебі тоғызқұмалақ ойыны жалпы баланың ой-өрісін кеңейтеді, сонымен қатар математикаға деген сауаттылығын арттырады, логикалық сауаттылығын арттырады, жан-жақты дамуына ерекше септігін тигізеді деп айтуға болады», ‒ деді Аманбай Нұрмұханбетов.
Мамандардың айтуы бойынша тоғызқұмалақ ойыны баланың стратегиялық ойлау жүйесін дамытады, ол әрбір іс-әрекетінің салдарын болжауға, ойланбай қадам жасамауға үйретеді, яғни сабыр сақтап, эмоционалды тұрақты болуға бейімдейді. Қазіргі уақытта көп адамға қажетті зейінді бір нүктеге шоғырландыруды да тоғызқұмалақ ойынынан қалыптастыруға болады екен. Ойлау икемділігі мен ұшқырлығы, шыдамдылығы мен шығармашылық ойлау қабілетін едәуір дамытатын ойын осы ‒ тоғызқұмалақ. Бұдан бөлек баланың бойында қарсыласын сыйлау, өзгеге құрмет, әділ болу сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі ойынын меңгеру арқылы бала ұлттық құндылықтарға жақындап, салт-дәстүр, тарихқа үңіле бастайды.