Logo
Іздеу
Айдарлар

Жақыпов пен Жәкеев қазақ баспасөзін "жерлеуге" құлшынып отыр

/
Жақыпов пен Жәкеев қазақ баспасөзін "жерлеуге" құлшынып отыр
коллаж

"Қазпошта" АҚ қазақ баспасөзіне жазылу бағасын көтергелі отыр, деп хабарлайды Arasha.kz. Онсыз да таралымы аз, қаржылық жағдайы көтерем күйдегі қазақ баспасөзі жазылу бағасы өссе, "өлгелі" тұр. Қайдан құлақ шығарса, қазаншының өз еркіне салып "баспасөзге жазылу құнын көтереміз" деп тепсініп отырған "Қазпоштаға" Тоқаев түгілі Құдайдың да құдіреті жетпейтіндей болып тұр.

Бұл мәселені мерзімді басылымдардағы әріптестер, басшылар жаппай көтеріп, "Қазпошта" озбырлығы мен тойымсыздығын, жауапсыздығын жарыса жазып жатыр. Мәселен, "Қазақ газеттері" ЖШС-ның бас директоры Дихан Қамзабек "«Қазпошта» АҚ мәліметінше, 2020 жылы ауылдық елді мекенге газет жеткізуге субсидия - 3,3 млрд, 2021 - 2,7 млрд, 2023 жылы - 2,05 млрд теңге болған. 2024 жылы «Қазпошта» АҚ-ын субсидиялау 600 млн теңгеге дейін қысқарған. "Бұл газетті тасымалдау құнын арттырды" дейді олар", - деп жазды.

Былтырдан бері «Қазпошта» бағаны күрт өсіріп, бәріміз есеңгіредік. Нақты айтсақ, 2025 жылғы газет-журналдарға жазылу кемінде 50 пайызға қымбаттап, кейбірінің құны 170 пайызға дейін өсті. «Қазпошта» бағаны биыл тағы көтерді. 2026 жылға жазылу бағасы жеке тұлғалар үшін 42%-94% (балалар басылымдары 48%-71%), ауылдық жерлердегі заңды тұлғалар үшін – 42%-128%, қалалардағы заңды тұлғалар үшін – 30%-62% өсті.

«Баға неге өсті?» дегенге «Қазпошта» калькуляторын басып қап: «Газет тасымалдауға берілетін үкімет субсидиясы түгенше миллиард қысқарды" деп ресми жауап береді. Субсидияны қысқартқан - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

«Қазпошта» АҚ мәліметінше, 2020 жылы ауылдық елді мекенге газет жеткізуге субсидия - 3,3 млрд, 2021 - 2,7 млрд, 2023 жылы - 2,05 млрд теңге болған. 2024 жылы «Қазпошта» АҚ-ын субсидиялау 600 млн теңгеге дейін қысқарған. "Бұл газетті тасымалдау құнын арттырды" дейді олар.

Біз бұған не істей аламыз?

Осы ақпарат (қымбаттау) шыққанда «Қазпоштаға» баға өсіруін құптамайтынымызды бірден айтқанбыз. Бұл қадамның ауыр салдарын дәйектеп, субсидияны қысқартпауды сұрап, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне де хат жолдағанбыз.

Өкінішке қарай, субсидия мәселесі шешілмей, «Қазпошта» бағаны бәрібір өсірді. Олар: "Субсидия бермесе, біз шығынға ұшыраймыз. Бұрынғы бағаны ұстау үшін кем дегенде қосымша 10-12 млрд керек" деп табандап тұр", - дейді Д.Қамзабек.

Бұл мәселеге үн қосқан "Хабар агенттігі" Алматы бөлімінің басшысы Серік Әбікенұлы: "Биыл жалғыз акционері «Самұрық-Қазынаға» қарайтын мемлекеттік мекеменің мемлекеттік деңгейде проблема туғызғанын көріп отырмыз. Былтырғы әніне қайта басып, әр газеттің бағасын екі есе көтеріпті. Олай болмаса ақша бер деп тепсінеді. Және субсидияны 12 млрд. шамасында бір-ақ сұрапты. Аяқ асты құлқынды алты есе (бұрынғы 2 млрд!) кең ашуларының себебі түсініксіз", - деп жазды.

«Қазпошта» газет-журнал бағасын көтереміз деп былтыр да қиғылық салып еді. Субсидия соңғы үш жылда қысқарып келеді, ол ақшаны қазынадан бермесе халықтан аламыз деп бас айналатын баға ұсынған болатын. Газет құнын көрген Бас редакторлар қолын төбесіне қойвп, безіп кете жаздаған. Ол кезде мен «Қазақ газеттері» төрағасының орынбасары едім, жұмыла Ақпарат министрлігіне хат жолдап, қолдау тауып, министрлік қаржыны толтырып, әупірімдеп жүріп бағаны бұрынғы күйінде алып қалғанбыз. Ондағы әңгіме 2 000 000 000 (2 млрд) теңге шамасында еді. Ақшаны алды, ал қызмет сапасын тексерген жан жоқ. Мәселен 5-6 газетке жазылған өз басым бірде-бір нөмір алған жоқпын. Маған ілесіп жазылған екі-үш танысым да газет исін сезбеді. Ал есеп бойынша газет тасылып, субсидия игеріліп жатыр?! Бізден бөлек мыңдаған қазақстандық газет қайда деп шырқыраған сол жылы «Қазпошта» басшылығы Президентке бюджетке 45 000 000 000 теңге салық түсірдік, әлемдегі үздік елудің санатына кірдік деп мақтанды, демек табысы аз емес. Биыл жалғыз акционері «Самұрық-Қазынаға» қарайтын мемлекеттік мекеменің мемлекеттік деңгейде проблема туғызғанын көріп отырмыз. Былтырғы әніне қайта басып, әр газеттің бағасын екі есе көтеріпті. Олай болмаса ақша бер деп тепсінеді. Және субсидияны 12 млрд. шамасында бір-ақ сұрапты. Аяқ асты құлқынды алты есе (бұрынғы 2 млрд!) кең ашуларының себебі түсініксіз. Негізі табысын құпия ұстап отырған самұрықтық екі-үш бастықтың жалақысын қысса газет-журнал мәселесі оңай-ақ шешілер еді деп ойлаймын, тек қалтаны қысқаннан халықты қысқан оңай болып тұр. 5-6 мың теңге жазылыммен 3-4 мың оқырманды әзер жиып отырған газеттердің 2026 жылы мүлдем мүшкіл күйге түсері анық. Аймақтық БАҚ тіптен арам қатар. Мемлекеттік мүдде мен Ұлттық иммунитетті ойламайтын «Самұрық» пен «Қазпоштаның» басшылары бағаны екі есе көтергенде елдің әл-ауқаты екі есе өспегенін ескермепті. Үкіметке жеке компанияларға субсидия беріп, газет тасымалының басқа амалдарын қараудан өзге жол жоқ шығар, немесе «Қазпоштаға» қазақ елінің қазынасынан, жер асты-үсті байлығынан молшылыққа малынып, талтаңдап жүргенін ұқтыру керек. Өйтпеген күнде қазақ баспасөзінің құлыптасына “ Қазпоштаның” қолынан өлген!” — деп жазуға тура келеді.

Ал "Қазпошта" әдеттегідей үнсіз, сазарып "Самұрық Қазынаға" қарап отыр.  "Самұрық Қазына" болса, өзін мемлекеттен биік сезінетін, ешкімге есеп бермейтін әйдік ұйым екені белгілі. Бір сөзбен айтқанда, "Самұрық Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов пен "Қазпошта" басшысы Бекежан Жәкеев қазақ баспасөзінің "жаназасын" шығаруға жанталасып жүргендей.