Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары әрі елдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Украина мен Батыс елдеріне қатысты жаңа мәлімдеме жасап, қажет болған жағдайда Украинадағы және НАТО елдеріндегі атом электр станцияларына «симметриялық жауап соққысы» жасалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл мәлімдеме Ресей тарапының Запорожье атом электр станциясы аумағына жасалған шабуыл туралы айыптауларынан кейін жарияланды.
«Росатом» компаниясының басшысы Алексей Лихачев украиналық әскери күштер талшықты-оптикалық басқару жүйесі бар дрон арқылы ЗАЭС-тің алтыншы энергоблогының машина залының шатырына соққы жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл салдарынан шатырда тесік пайда болғанымен, станция жабдықтары зақымданбаған.
Өз кезегінде Украина Қарулы күштері бұл айыптауларды жоққа шығарды. Украина тарапы атом нысандарына шабуыл жасауға тыйым салатын Женева конвенцияларын сақтайтынын мәлімдеп, ЗАЭС-ке оптикалық талшықпен басқарылатын дрондар арқылы соққы жасауға техникалық мүмкіндіктері жоқ екенін жеткізді.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Медведев өзінің MAX мессенджеріндегі арнасында атом электр станциясының реактор немесе машина залы қатты зақымданған жағдайда «жаңа Чернобыль апаты» орын алуы мүмкін екенін жазған.
«Бұл тактикалық ядролық қаруды қолданудан кем емес. Мұндай әрекеттерге жауап ретінде Украинадағы атом электр станцияларына, сондай-ақ қақтығысқа тартылған НАТО елдеріндегі АЭС-терге симметриялық соққы жасалуы мүмкін», – деді Медведев.