Елімізде адамдардың келісімінсіз фото және видео түсіруге тыйым енгізілуі мүмкін. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрдің айтуынша, мәселе толықтай тыйым салуда емес, адамдарды рұқсатсыз түсіруді шектеуде болып отыр.
«Біз ештеңеге тыйым салғымыз келмейді. Адамдарды барлық жерде рұқсатсыз түсіріп жатады, соны реттегіміз келеді. Лауазымды тұлғалар бар, мемлекеттік қызметкерлер бар – олардың қызметтік міндеттерін атқарып жүргенде түсіретіні қалыпты. Бірақ рұқсатсыз түсірілетін пранктер бар, жеке түсірілімдер бар. Бұл норманы сіздермен бірге талқылаймыз. Жұмыс тобы құрылып жатыр», – деді Балаева.
Журналистер шенеуніктер журналистерден қорғану үшін осындай бастама көтеріп отыр деген қауіп айтқанда, министр мұны жоққа шығарды.
«Біз оған баяғыда үйреніп кеткенбіз. Біздің жеке өміріміз де, туыстарымыз да жоқ сияқты. Қайда барсақ та, бәрі бізді түсіреді. Бірақ біз де осы елдің азаматымыз, қарапайым адамбыз. Мәселе тек шенеуніктерге қатысты емес, бұл бағытты реттеу керек», – деді ол.
Оның айтуынша, кейбір азаматтар көшеде видео түсірілім көп болғандықтан, бір жерге бару, достарымен серуендеу мүмкін болмай жатыр деп шағымданады.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтың бейнесін қорғау құқығы қазірдің өзінде Азаматтық кодекстің 145-бабымен реттеледі. Онда адамның бейнесін жариялау немесе пайдалану үшін оның келісімі қажет екені көрсетілген.
Сондай-ақ, пранктер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Маусым айында жыл басынан бері 25 адамның жауапқа тартылғаны хабарланған.