Түркістан облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының арнайы прокурорлары заңсыз субсидия жымқырған фактісін сотқа жолдаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу барысында анықталғаны, аудандық ветеринария қызметінің 4 мамандары ауыл тұрғынымен бірге сөз байласып, шаруа қожалықтарының аттарына іс жүзінде болмаған 100 мың бас шамасындағы ұсақ малды ақпараттық жүйеде заңсыз тіркеп 271 млн субсидияны жымқырып, өзара бөліскен.
Түркістан қаласының сотымен алаяқтық жолмен, жоқ малдарға жалған құжаттар әзірлеп, субсидия қаражатын жымқырған 5 тұлға кінәлі деп танылып, 4 күдікті 5,2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, бір адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, соңынан сот рақымшылық актісін қолданып істі тоқтатты.
Мемлекеттің пайдасына 50 млн теңге өндірілді, сонымен бірге 120 млн теңгеге мүлікке тыйым салынды.
Түркістан облысы прокуратурасы мемлекеттен бөлінген субсидия қаражатын жымқырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа көзделгенін және ол әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертеді.