20 қарашада Астананың мамандандырылған әкімшілік соты адвокат Анара Құсайынованың Бас прокуратураға қарсы талабын қанағаттандырды. Ол Талғат Ермегияевтің ісі бойынша адвокаттардың өтініштерін прокуратураның заңсыз және бір үлгімен қарағанын дәлелдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Адвокаттар шілдеде Бас прокуратураға кассациялық шағым түсіріп, кейін бас прокурормен жеке қабылдауға жазылу туралы өтініш жолдаған. Алайда қыркүйекте барлық түрлі мазмұндағы өтініштерге бірдей жауап берілген. Құсайынованың айтуынша, бұл — процедураны өрескел бұзу.
Ол әр өтінішті мазмұнына қарай бөлек қызметтер қарастыруы тиіс екенін айтты. Кассациялық мәселелермен айналысатын екінші қызметтің жеке қабылдауды ұйымдастыруға құзыреті жоқ. Адвокаттың сөзінше, арыздар тиісті басшылыққа жетпей, орта деңгейдегі қызметкерлердің қолында қалған.
Құсайынова прокуратураның жабық, формалды жұмысын сынап, бұл әрекеттер адвокаттың жұмысын қиындатып, ведомствоның өз ережелерін бұзғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ермегияевтің өзі қабылдауға келе алмайтындықтан, өкілі ретінде адвокаттың тыңдалуға толық құқығы бар.
Сот адвокаттың уәждерін негізді деп танып, прокуратураның жауап беру тәртібінде қателік болғанын мойындады.