Сот алдында төрт адам жауапқа тартылды. Оларға Ақтөбе облысы Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің бұрынғы бөлім басшысы Асқар Кемешов, Ақтөбе қаласындағы №74 орта мектептің бұрынғы директоры Гүлзат Бақтарбаева, Нарқызыл орта мектебінің бұрынғы директоры Алтынгүл Төлегенова және Ырғыз ауданы білім бөлімінің бұрынғы қызметкері Алмагүл Бекниязова кіреді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кемешов бірнеше рет пара алу фактісімен айыпталса, Бекниязованың рөлі – пара берген директорлар мен Кемешовтің арасында делдалдық жасау болды.
Кемешов екі директордан алған 100 мың теңгеден астам сома үшін олардың басшылық еткен мектептерінің аттестациясы кезінде қиындық тудырмауға уәде берген.
Сотта айыпталушылар жасаған қылмыстарын мойындап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.
Ақтөбе қаласының №2 соты төрт айыпталушыны да ҚР ҚК-нің тиісті баптары бойынша кінәлі деп танып, әрқайсына түрлі айыппұл салды.
Соған сәйкес, Кемешев бюджетті 7 млн теңгемен толықтыруға міндеттелсе, Бақтарбаева, Төлегенова және Бекниязова тиісінше 1 млн теңге, 750 мың теңге және 500 мың теңге төлеуі тиіс.
Одан бөлек, олар енді мемлекеттік органдарда және жартылай мемлекеттік секторда жұмыс істей алмайды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.