Logo
Іздеу
Айдарлар

Акушер әйелді босандыру үшін ақша сұрағаны айтылды

/
Акушер әйелді босандыру үшін ақша сұрағаны айтылды
Сурет: Рixabay

Жамбыл облыстық перинаталдық орталықтың қызметкерлері жаңа туған сәбидің өмірін 20 мың теңгеге бағалағаны айтылды. Осынша қаржыны олар Рысқұлов ауданынан жеткізілген Гүлім Оразбаевадан талап еткен деген мәлімет бар. Анасы ақша іздеп жүргенде, нәресте қайтыс болған.

Әйелдің күйеуі Ермұхан Әмреевтің айтуынша, ақшаны акушер сұраған. Қаражатты ол дәрігерге беру үшін қажет екенін айтқан көрінеді, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

«Егер жұбайым маған айтқанда, бірден берер едім. Оның денсаулығы үшін ештеңемді аямаймын! Ол акушерге де қажетті соманы босанғаннан кейін беретінін айтқан», – дейді ол.

Оразбаева ауданнан облыстық орталыққа жағдайының қиындығына байланысты жолданған. Соған қарамастан, ол табиғи жолмен өзі босанған.

Бұл — оның алтыншы баласы еді.

Босану кезінде одан қатты қан кетуі басталып, соның салдарынан жатырын алып тастауға тура келген. Ал сәби дүниеге келгеннен кейін бір жарым сағаттан соң көз жұмған.

Дегенмен, дәрігерлердің нұсқасы мүлде басқа. Айтуларынша, әйел оларға шынымен жолдамамен түскен. Бірақ керісінше өзі пара ұсынған: дәрігерге 10 мың теңгені аударыммен жіберген, тағы 10 мың теңгені медбике арқылы берген. Яғни жақсы жағдай жасау үшін. Ал дәрігер адалдық танытып, полиция шақырған.

Қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Ол әзірге сәбиінің өмірден өткенін білмейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы жұмыс тобы құрылғанын және қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

Қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшылар да тартылады. Медициналық қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, олар жауапкершілікке тартылады.