Оқиға кеше Петропавлдағы банктердің бірінде болған. 70 жастағы әйел бөлімшеге келіп, несие бойынша ай сайынғы төлемді азайтуды сұраған. Айтуынша, банк белгілеген соманы төлеуге шамасы жетпеген, сондықтан мерзімі өтіп кеткен қарызы пайда болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Зейнеткер ашулы күйде болып, егер банк қызметкерлері жағдайын түсініп, жеңілдік жасамаса, өзіне бензин құйып, өрт қоятынын айтқан.
Банк бөлімшесінің қауіпсіздік қызметі шұғыл әрекет еткен. Әйелдің қолындағы 0,5 литрлік пластикалық бөтелкені тәркілеген. Оның ішінде расымен де бензин болған. Оқиға орнына полиция шақырылған.
«26 қарашада банктердің бірінен түскен хабарлама бойынша полиция тексеру жүргізді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Әйелдің әрекетіне құқықтық баға тексеріс нәтижесінде беріледі», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Зейнеткер дәрігерлік сараптамаға жіберілді. Анализдер оның мас күйде болмағанын көрсетті.