Алматыда өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, Қытай азаматтарынан ақша бопсалаған топ ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қалалық полицияның мәліметінше, күдіктілер шетелдіктерден жалпы 5,5 млн теңге көлемінде қаражат алған. Тергеу деректеріне қарағанда, олар топ болып әрекет етіп, көшеде жүрген ҚХР азаматына жақындап, заң қызметкерлері ретінде танысқан. Кейін жәбірленушінің уақытша тұрып жатқан жеріне барып, ақша талап еткен.
Жедел іс-шаралар барысында күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараевтың айтуынша, жедел топ олардың әрекетін дер кезінде тоқтатып үлгерген. Қазір бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров күдіктілердің өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын атап өтті.