Logo
Іздеу
Айдарлар

Сүйінші, ағайын! Еліміздің бас педагогы барша мұғалімді қуантатын жаңалығын айтты

/
Сүйінші, ағайын! Еліміздің бас педагогы барша мұғалімді қуантатын жаңалығын айтты
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрлік жанынан құрылған жаңа топ Мемлекет басшысының орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне AI элементтерін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жұмыс істейді. Бұл – елдегі білім саласын ауқымды технологиялық жаңғыртудың маңызды бір бөлігі.

Алғашқы отырысқа төрағалық еткен Жұлдыз Сүлейменова отандық IT мамандар мен EdTech саласы сарапшыларының ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен алғаш рет қабылданған "Жасанды интеллект туралы" заң – еліміздің жаңа технологиялық кезеңге қадам басуының айқын дәлелі. Біздің міндет – AI технологияларын білім беру процесіне дұрыс, тиімді және жауапкершілікпен енгізу. Жасанды интеллект мұғалімнің артық жүктемесін азайтып, оқу үдерісін оңтайландыратын көмекші құралға айналуы тиіс", – деді министр.

Жиында жасанды интеллектті біртіндеп енгізуге қатысты бірнеше маңызды бағыт талқыланды:

  • AI-ды қолдану бойынша этикалық талаптарды бекіту;
  • нормативтік-құқықтық базаны жаңарту;
  • инновациялық IT шешімдері арқылы білім сапасын көтеру;
  • AI жүйелеріне арналған техникалық талаптарды әзірлеу.

Жұмыс тобына Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева жетекші болып тағайындалды. Алдағы уақытта топтың отырыстары тұрақты түрде өткізіліп отырады.