Orda.kz кеңсесі мен редакторы Гүлнар Бажкенованың пәтерінде дәл қазір тінту жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл ақпаратты полиция растады. Төменде олардың толық түсіндірмесі келтіріледі.
«Алматы қаласы ПД-не түскен өтініштер бойынша ресурс О. бас редакторы, азаматша Б.-ға қатысты бірнеше рет және қасақана жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу әрекеттері аясында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексеріліп жатыр.
Алдын ала анықталғандай, 2024 жылғы жарияланымдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алып жатқан жерінен ұсталғаны туралы жалған ақпарат таратылған. Шын мәнінде мұндай оқиға болмағаны анықталды. Осылайша, Б. әрекеттері көрсетілген қызметкердің кәсіби қызметі туралы қоғамда жалған пікір қалыптастыруға және оның іскерлік беделіне нұқсан келтіруге әкеп соққан.
Басқа бір жарияланымда мүліктік даудағы залалдың мөлшері мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа жанаспайтын деректер орналастырылған. Бұл қоғамды адастыруға және арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтіруге әкелген.
Бұдан бөлек, соңғы жылдардағы жарияланымдарға қатысты да жәбірленушілердің арыздары бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Олар да жалған және қоғамды адастыратын мәліметтерді қамтуы мүмкін.
Азаматша Б.-ның тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жарияланған жалған мәліметтердің дайындалуы мен жариялану жағдайларын және олардың қайдан шыққанын анықтау үшін электронды құрылғылар мен материалдар алынып жатыр.
Тергеу жалғасуда. Барлық мән-жай заң аясында анықталатын болады», — деп хабарлады полиция.