Ақтөбе облысында бұзақылық ниетпен кісі өлтірген ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының мәліметінше, оқиға саябақта болған. Ер адам жанынан өтіп бара жатқан адамнан «шылым» сұрайды. Ол бас тартады, салдарынан екеуінің арасында жанжал туындаған.
«Жанжал кезінде К. қалтасынан пышақ шығарып, жәбірленушіге алты рет соққы жасаған. Зардап шеккен адам ауруханада көз жұмды», – деп хабарлады сот 2025 жылдың 3 желтоқсанында.
Алқа билердің үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылды. Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған балаларының барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал ауырлататын мән-жай ретінде бұрынғы қауіпті қылмыстық қайталану танылды. Нәтижесінде оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.