Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс кулуарында мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне қатысты өзекті өзгерістер жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрдің айтуынша, аттестациялау тәртібін жаңартуды көздейтін бұйрық жобасы қазіргі уақытта Орта білім комитетімен бірлесіп талқыланып жатыр. Әзірге құжат ресми түрде бекітілмеген.
"Бұйрық қабылданған жағдайда, барлық өзгеріс жаңа оқу жылынан бастап күшіне енеді", – деді ведомство басшысы.
Жұлдыз Сүлейменова педагогикалық қауымдастықтың бұл жұмысқа белсенді атсалысып, өз ұсыныстарын жолдап отырғанын ерекше атап өтті.
"Тәжірибелі және білікті мұғалімдер авторлық бағдарламаларды алып тастау сияқты ұсыныстарын жіберуде. Біз барлық ұсынысты мұқият қарап, жан-жақты талдап отырмыз. "Педагог-мастер" және "педагог-зерттеуші" санаттары бойынша қабылданған шешімдердің мұғалімдер арасында белгілі бір наразылық туғызғанын түсінемін. Қазіргі мақсатымыз – жаңа аттестациялау тетіктерін барынша ашық әрі әділ ету", – деді министр.