Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкер Дулат Қожамжаровтың компаниялары мен туыстарына тиесілі мүлікке тыйым салды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Халық банкі» талап арыз беріп, 2,63 миллиард теңге көлеміндегі активтерді бұғаттауды сұраған, деп жазды BesMedia.
«Талап қою мөлшерінде — 2,55 млрд теңге және мемлекеттік баж ретінде төленген 76,5 млн теңге көлемінде, барлығы 2,63 млрд теңгеге жауапкерлердің барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салу: „Ойл Снаб“ компаниялар тобы ЖШС, „HILL Resources“ ЖШС, „HILL Invest“ ЖШС, „AvtoTechMas Ltd“ ЖШС, Дулат Пернешевич Қожамжаров және Гүлназ Сағатбековна Қожамжарова», — делінген сот қаулысында.
Дулат Қожамжаров Forbes Kazakhstan тізімінде 110 млн доллар дәулетімен 57-орында тұр. Ол жеті компанияның негізін қалаушы және Шымкентте өндірістік кешені бар Hill Corporation майлау материалдарын шығаратын ірі кәсіпорынды басқарады.
Кәсіпкердің ағасы Қайрат Қожамжаров әр жылдары Ақмола облысының әкімі, Бас прокурор және сенат депутаты қызметтерін атқарған. Қазір оны Қазақстан іздестіріп жатыр.
Бұған дейін Бас прокуратура заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы заң аясында Дулат Қожамжаровтың мүлкіне қызығушылық танытқан. Комитет оны сәйкес тізімге енгізген, бірақ оның өкілдері бұл шешімді даулауға тырысқан.