Олар – «Қанаттылар». Құлашын кеңге салып, құшағы құйынды иірген қанаттылар. Бір сахнада әртүрлі қабілет пен ерекшелігі бар жандар бірлесіп өнер көрсететін ұжым. Олардың бірі жүре алмауы мүмкін, бірақ риясыз күле алады, екіншісінің көзі нашар көру мүмкін, бірақ көкірек көзі ояу, келесі бірі анық сөйлей алмауы мүмкін, бірақ көп адамның жүрегіне терең ой сала алатын қабілеті бар... Ең бастысы, олардың бәріне ортақ қасиет сол, бәрі де өнерге құштар. Астана қаласы әкімдігінің «Қанаттылар» инклюзивті театры өз жұмысын бастағанына көп бола қойған жоқ. Қойылымына куә болып қайтқан соң, театр директоры Арнұр Ысқақовтан осы бір ерекше рухты өнер ұжымы туралы сұхбат алған едік.
- Арнұр мырза, «Қанаттылар» театрын ашу туралы идея қайдан келді? Оның жұмысын жүргізуде Сізді не шабыттандырды?
- «Қанаттылар» театрының ашылуына түрткі болған негізгі себеп сол, еліміздегі ерекше азаматтарды өнерге баулып, сондай жандарға тың мүмкіндік беру идеясы. Қазақта мынандай сөз бар емес пе: «Жарлының жайын жарлы білер» деген. Мен ерекше азаматтардың мұң-мұқтажын жақсы түсінемін, білемін, сеземін. Олар да қарапайым жандар сияқты өз ісімен айналысқысы келеді, жұмыс істеп, елге қызмет етсем дейді. Бұл бастама өзімнен бастау алды. Мен қандай дәрежеде, қандай күйде болсам да, мына арбада отырған күннің өзінде өз маңдай теріңмен тапқан нанға не жетсін! Осы ойлар күні-түні мазалап, неге ерекше азаматтарға өз нанын тауып жейтіндей, сонымен қатар өзі ұнататын іспен айналысатындай жағдай жасамасқа деген ой келді. Солай осы театрымыз еңсесін көтерді. Қазіргі таңға дейін біздің театр көрерменге өз есігін бесінші рет ашты. Театрдың жұмысын жүргізу кезінде жанын салып, рөлге кіріп, кәсіби актерлермен пара-пар жұмыс жасап жатқан әріптестерімді көргенде, адамға лық толған залға көз салғанда, кей көрерменнің жанарынан жас көргенде, езуіндегі күлкіге куә болғанда, одан сайын жақсы жұмыс істеуге шабытым оянады. Әрбір көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі біздің қанатымыздың одан әрі кең жайылуына ықпал етеді.
- Бәрекелді! Негізі сіздер мемлекеттік мекеме ретінде, Астана қаласының әкімдігі жанынан қайта ашылғандарыңызға көп болған жоқ. Не өзгерді, бұрын қалай еді, енді қалай болмақ?
- Иә, 2024 жылдың 15 қазан күні «Жастар» театрынан бөлініп, жеке театр болып өз егемендігімізді алдық. Осы орайда «Жастар» театрына алғыс айта кеткім келеді. Бізді өз бауырына басып, бір сөзбен айтқанда, енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан театрымызды демеп, жетелеп, осы деңгейге жеткізді. Жалпы театр болып қалыптасқалы бері, штаттық есеп көбейді, әртістер саны артты. Сонымен қатар жауапкершілік еселеніп, өзге өңірлерден гастрольдік шақырулар көбейді. Шынын айтқанда, жеке театр болып қалыптаспай тұрып та бәрі жақсы болған. Кейін де өз қарқынымызбен жұмыс істеп келеміз. Алда жоспарлар өте көп. Труппа санын арттыру, өзге өңірлерде де ерекше жандарға арналған өнер ордалары мен театрлардың ашылуына ықпал болу деген сынды мақсат-міндеттер тұр.
- Театр қоржынында неше қойылым бар, шығармашылық ұжым қанша адамнан тұрады?
- Қазіргі таңда театр репертуарында он қойылым бар. Олардың бәрі дерлік сахнада қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Ал шығармашылық ұжымға келер болсақ, қазіргі таңда театрда 40-қа жуық актер еңбек етеді. Олардың ішінде:
• 9 адамның есту қабілеті шектеулі,
• 5 адам арбада қозғалады,
• 3 адамның көру қабілеті төмен,
• 1 адам церебральды сал ауруымен ауырады,
• 4 адам – жалпы аурулары бар жандар.
Театр ұжымы кәсіби деңгейде жұмыс істейді. Актерлермен бірге хореограф, режиссер, сурдоаудармашы маман және әкімшілік қызметкерлер еңбек етеді. Штаттың 70%-дан астамы – мүмкіндігі шектеулі жандар, бұл театрдың инклюзивті бағытын шынайы айғақтайды. Біздің команда – бұл бірлік пен әртүрліліктің үйлесімі. Нұрфат Вахитов атты режиссер бізбен төрт жыл жұмыс істеп, жұмысты жолға қойса, одан кейін Сүндет Сәрсен деген режиссер тізгінді алды. Көру қабілеті бұзылған Жүзбай Серіков атты автормен бірнеше қойылым қойдық. «Өмір – ғайып», «Екі тағдыр – бір өмір», «Абай-LA», «Алла, бұл кім?», «191 бап» сынды әр қойылымда бір күлдіріп, бір жылата отырып, біз қазақ қоғамын толғандыратын өзекті мәселелерді көтереміз. Сол арқылы көрерменге ой саламыз, баршаны біріктіретін ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейміз.

- Иә, қажырлы еңбектеріңіздің берекесін берсін дейміз. Ал театр қызметін жүргізудегі қиындықтар қатары қандай, оны еңсеруде не қажет деп санайсыз?
- Инклюзивті театр қызметін жүргізу – ерекше жауапкершілікті талап ететін әрі шынайы жан қалауымен атқарылатын іс. Қиындықтар жоқ емес, бар. Бірақ бірлігі жарасқан ұжым болғандықтан, қандай қиындық болмасын, мойымаймыз. Қазіргі таңда біз үшін негізгі қиындықтардың бірі – ғимарат мәселесі. Инклюзивті театр болғандықтан, бізге арнайы орта, техникалық бейімдеу, сахналық құрал-жабдықтар мен көлік мүмкіндіктері қажет. Әрбір актерға жағдай жасалған орта болса деген қалауымыз болашаққа деген сеніммен астасып жатыр. Одан кейін мамандар тапшылығы сезіледі. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар актерлермен жұмыс істей алатын режиссёрлер, педагогтар мен психологтар өте аз. Қазіргі таңда ерекше азаматтардың мәртебесі біраз көтерілді, алайда қоғамда инклюзивті мәдениетке деген түсінік пен қабылдау әлі де толық қалыптаса қойған жоқ. Бұл бағытта көп жұмыс жүргізілуі қажет дер едім.
- Сіздерді мазалаған мәселелер өз шешімін табуға тілектеспіз, Арнұр мырза. Инклюзия форматындағы Орталық Азиядағы алғашқы театр екенсіздер, өзге қандай әріптестермен шығармашылық байланыс құру жоспарда бар? Тәжірибе алмасу да маңызды ғой.
- Алда жоспар өте көп. Иә, біздің «Қанаттылар» театры – инклюзия бағытында жұмыс істейтін Орталық Азиядағы алғашқы шығармашылық ұжымның бірі. Бұл – біз үшін әрі жауапкершілік, әрі үлкен мүмкіндік. Қазір біз Қазақстанның өз ішіндегі өнер ұйымдарымен, мәдени орталықтармен және әлеуметтік жобалармен серіктестік байланыс орнатудамыз. Сондай-ақ алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдеріндегі бізге ұқсас инклюзивті ұжымдармен шығармашылық әріптестік құру жоспарда бар. Біздің басты мақсатымыз – тәжірибе алмасу, ортақ қойылымдар қою және инклюзивті мәдениетті аймақтық деңгейде дамыту.
- Ал сіздердегі көрермен контингенті қандай? Мүгедектігі бар жандардың қойылымды тамашалауға ерекше ықыласты екеніне көрермен ретінде куә болдық. Дегенмен кіріп-шығуына ыңғайлы болуы үшін оларға қолайлы ғимарат керегі сезілді. Әкім Жеңіс Қасымбек жақында бір жиындағы сөзінде Сіздерге жеке ғимарат салып беруді тілге тиек еткенін естідік, оған қатысты жоспарларыңыз қандай?
- Біздің көрерменнің ауқымы өте кең: олардың арасында оқушылар да, студенттер де, өнер сүйер қала тұрғындары да бар. Бірақ расын айту керек, ең ерекше және шынайы көрермендеріміз – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар біздің әр қойылымды жүрекпен қабылдайды, сол себепті біз әр спектакльді олардың қолжетімділігі мен ыңғайына сай бейімдеуге тырысамыз. Ғимарат мәселесі расында да өте өзекті. Қазіргі таңда театр түрлі мәдени кеңістікте уақытша өнер көрсетіп жүр. Ал жеке, арнайы бейімделген ғимараттың болуы бізге тек шығармашылық тұрғыдан ғана емес, инклюзивті орта қалыптастыру жағынан да жаңа мүмкіндіктер ашар еді. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаның қолдау сөзі бізді шын мәнінде ынталандырды. Біз бұл бағытта нақты жоспар жасап, жобалық ұсыныстар дайындадық. Қазір тиісті басқармалармен бірге келешектегі ғимараттың инфрақұрылымдық және қолжетімділік талаптарын пысықтап жатырмыз. Біздің арманымыз – барлық адам, оның ішінде мүгедектігі бар көрермен де, өнерпаз да өзін тең, жайлы және шабытты сезінетін мәдени орталық құру.
- Уақыт бөліп, «Қанаттылар» театрының тыныс-тіршілігі, арман-мұраты туралы сұхбат бергеніңізге мың алғыс, Арнұр мырза! «Қанаттылар» мақсатына жетіп, биікке самғай берсін, қанаты талмасын!
“Қанаттылар” театрының актрисасы Жанар Бақытжанқызы:
“Бұл театр – жараланған жүректерді емдейтін орын”
“Қанаттылар” театрында жүргеніме үш жылдан асты. Театр маған қатты ұнайды, өйткені мен бұл жерге тағдыр жолымен келдім. Өмір соқпағым алғашында өзгергенімен, соңында осы жолға қайта оралдым. Бұл театр ұжымына келіп, мен өз ортамды таптым десем де болады. Бұл жер маған өзге қырымнан танылуыма, өзімді жаңаша көруге мүмкіндік берді. Ұжымдағы адамдардың барлығы өте жақсы, мейірбан. Менің ойымша, өмірден қиындық көрген адамдар осы театрға келіп, сынған қанаттарын қайта түзеп, ұшуға мүмкіндік алады. Бұл театр – өмірден жараланған жүректерді емдейтін орын.

Мен адам қандай болса, оны сол қалпында қабылдауға тырысамын. Әр әріптесімнің қабілеті мен қасиетін өзімше түйіп, сол арқылы жұмыс істеуге дағдыланғанмын. Біздің ұжымдағы әр адамды бауырымдай көремін. Кейде бір-бірімізді түсіне алмай қаламыз, бірақ түсінуге тырысамын және түбінде міндетті түрде түсінемін. Қазіргі таңда көптеген спектакльде қосалқы рөлдерді сомдаймын. Бірақ маған ерекше ұнайтыны – «Өмір ғайып» қойылымындағы әже рөлі. Сол рөл менің актерлік қабілетімді ашуға көмектесті. Әр ойнаған сайын, бұл образды тереңірек ашуға тырысып келе жатқаным да сондықтан.
Менің арманым – театр сахнасында ерекше рөліммен көрерменнің есінде қалу және фестивальдерде «Үздік әйел образы» аталымын иелену. Сол арманыма жеткенше қанатым талмай еңбек етуге дайынмын.
Сұхбатты алған: Алма Сайлауқызы
журналист