Қаржы министрі 4 желтоқсан 2025 жылғы бұйрығымен мемлекеттік сатып алу саласына қатысты бірқатар нормативтік актілерге түзету енгізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды:
1. Құрылыс-монтаж жұмыстары
Енді тапсырыс берушілер жылдық жоспарға жобалық-сметалық құжаттаманы кешенді ведомствоаралық сараптаманың оң қорытындысымен бірге жүктеуге міндетті. Бұл талап «кілтке тапсыру» әдісімен өткізілетін конкурстарға қолданылмайды.
2. Қаржылық тұрақтылық критерийлері күшейтілді
Потенциалды жеткізуші үш жылдық табисы, төленген салықтары, негізгі құралдарының құны және еңбекақы қоры белгіленген шектерден төмен болмағанда ғана қаржылық тұрақты деп танылады.
Мысалы, табыс кемінде сатып алуға бөлінген соманың жартысына тең болуы тиіс, ал негізгі құралдар мен еңбекақы қоры — кемінде он бесінші бөлігі.
Қаржы деректері жылына бір рет, 1 қазанға дейін жаңартылады. Егер жеткізуші деректерді бұрмалағаны анықталса, портал көрсеткіштерді түзетеді немесе жеткізушіні адал емес қатысушылар тізіміне енгізуі мүмкін.
3. Тәжірибе талаптары
Рұқсат талап етілетін (І және ІІ санат) жұмыстар бойынша тәжірибе талап етілмейді.
Жолдарды орташа жөндеу бойынша, сондай-ақ ірі сомадағы конкурстарда тәжірибе ұзақтығы талап етіледі — 1 жылдан 5 жылға дейін (сома көлеміне қарай).
Жеке сектордағы жобалар бойынша тәжірибе тек техникалық және технологиялық жағынан күрделі жаңа құрылыс объектілері үшін ғана есепке алынады. Субподрядтағы тәжірибе саналмайды.
Консорциум тәжірибесі тек негізгі қатысушыға жазылады.
4. Техникалық қадағалау қызметі
Техникалық бақылау саласындағы тәжірибесі бар жеткізушілерге жылдарына қарай 1–5% дейін шартты жеңілдік беріледі.
Барлық құжаттар мемлекеттік сатып алу реестрінде электронды түрде расталуы тиіс.
5. Электронды дүкен ережелері
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды дүкендегі сатып алулар жылдық жоспар негізінде және ұлттық тауарлар каталогы арқылы жүргізіледі.
Сатып алу екі тәсілмен жүзеге асады: алдын ала тапсырыспен немесе бірден тапсырыс беру арқылы. Портал 15 минут ішінде барлық сауда платформаларынан баға ұсыныстарын жинайды.
Егер автоматты тексеруден кейін екі жеткізушіден аз ұсыныс қалса, сатып алу жарамсыз деп танылып, қайтадан өткізіледі.