Қарағанды облысының Шет ауданында, Мойынты станциясында бір қабатты дәмхана ғимаратында газ баллоны жарылып, артынан ірі өрт шыққан, деп хабарлайды Arasha.kz.
ТЖМ мәліметінше, алғашқы бөлімшелер келген сәтте ғимараттың бүкіл аумағын ашық әрі қарқынды от шарпыған. Сонымен қатар шамамен 200 шаршы метр аумақта шатыр мен қабатаралық жабындар опырылған. Құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп, зақымданған құрылымдарды тексеріп, қайта тұтанудың алдын алу шараларын қабылдауда.
Өрт 300 шаршы метр аумаққа жайылған.
Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, тағы он бір зардап шегуші аудандық ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға газ жабдықтарын, оның ішінде тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану талаптарының бұзылуы себеп болған.