Қазақстан мектеп бағдарламасында соңғы күндері қызу талқыланған физика, химия және биологияны бір пәнге біріктіру туралы ұсынысқа Оқу-ағарту министрлігі нақты жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алматыда өткен II халықаралық жас ғалымдар конгресінде сөз сөйлеген министр Жұлдыз Сүлейменова қоғамда тараған ақпаратқа түсінік беріп, педагогтерді алаңдатқан мәселеге нүкте қойды. Министрдің айтуынша, жаратылыстану бағытының негізгі пәндері ешқашан біріктірілмейді.
"Бір мәселенің басын ашып айтқым келеді. Қазір физика, химия және биологияны біріктіру туралы ұсыныстар талқыланып жатыр. Бірақ Оқу-ағарту министрлігі өз ұстанымын нақты білдіреді – бұл пәндер біріктірілмейді", – деді Сүлейменова.
Министр әр пәннің ғылымилығы мен мазмұны сақталуы тиіс екенін, олардың бір арнаға тоғыстырылуы мектеп бағдарламасының сапасына кері әсер ететінін атап өтті. Сондықтан үш пәнді бір сабаққа айналдыру жоспарда жоқ.