Logo
Іздеу
Айдарлар

Астрофизиктер Шолпанның кері айналуын түсіндірді

/
Астрофизиктер Шолпанның кері айналуын түсіндірді
Сурет: © JAXA/ISAS/DARTS/Kevin M. Gill

Осы уақытқа дейін Шолпан (Венера) басқа ғарыш денесімен соқтығысуы нәтижесінде болған күшті соққыдан кейін өз осінен кері (ретроградты) айналады деп болжанған. Жақында жүргізілген есептеулер оның осындай ерекше қасиетті апатсыз да иемденуі мүмкін екенін көрсетті: бұған Шолпанның тығыз атмосферасының әсері біртіндеп алып келген болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Күн жүйесіндегі барлық планеталар, тек Шолпан мен "қырынан жатқан" Уранды қоспағанда, өз осінен Күннің өзі айналатын бағытта айналады. Бұл бағыт ғаламшарлар қалыптасқан протопланетарлық газ-шаң дискісінің Күннің айналасындағы қозғалыс бағыты болғаны анық. Күннен екінші орында орналасқан бұл планетаның тағы бір ерекшелігі — оның айналу жылдамдығының төмендігі: өз осінен толық айналып шығуға 243 Жер тәулігі қажет, бұл планетаның Күнді айналып шығу мерзімінен де ұзақ. Айта кетейік, Күнді айналуы 225 Жер тәулігін алады.

Біздің жүйедегі бұл бірегей жағдай көптеген зерттеулердің тақырыбы болып қала береді. Ғалымдардың көпшілігі ертеде Шолпанды басқа бір ірі тасты планетамен соқтығысу "кері бұрып жіберді" деген пікірге бейім. Есептеулер бойынша, соққы жанама болуы керек, яғни оның бастапқы қалыпты айналу бағытына қарама-қарсы бағытта тиюі қажет болған.

Жақында Сан-Паулу университетінің (Бразилия) астрофизигі Сильвио Ферраз-Мелло балама нұсқаны ұсынды: оның есептеулері бойынша, Шолпанның кері айналуы оның өте тығыз және ауыр атмосферасының салдарынан бірте-бірте эволюциялық өзгерістердің нәтижесі болуы мүмкін. Оның бетіндегі қысым Жердегіден шамамен 90 есе артық.